Елордада Көшпенділер ойындарына дайындық қызды

Елордада өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бір айдан аса уақыт қалды, деп хабарлайды 24KZ.

Түбі бір түркі халықтарының басын қосқан байрақты бәсеке қазақ елі қызу дайындық үстінде. Қыркүйектегі кешенді сайысқа 89 елден 2 мыңнан астам спортшы келеді. Қазір Астанада тиісті инфрақұрылымдар мен қала көшелері тақырыпқа сай безендіріліп жатыр.

Асық атып, көкпар тартып, күш сынасатын Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. 5-ші рет өткелі тұрған ауқымды шараны ұйымдастыру құрметі биыл біздің елге бұйырды. Жер-жерден көшпелі халықтың басын біріктіретін спорттық жарыс Астанада қыркүйек айында өтеді. Қазір елордада дайындық кезеңі қызған. Қала көшелерінде кіші архитектуралық нысандар қойылып, тиісті жарнамалар ілінді

Мирас Әбдірахман, Астана қаласы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күні біз 20-дан астам кіші архитектуралық нысандарды қаланың орталық локацияларында орнаттық. Бұдан басқа, мыңға жуық жарнамалық конструкциялар безендірілді. Тағы да айта кетсек, ҚТЖ медиа фасады бар, ЭКСПО «Нұр әлем» медиа фасадында тематикалық бейнероликтер орналастырылды. Сондай-ақ 100 қоғамдық автобусқа да тематикалық безендіру жүргізілді.

Тамыз айында елорда көшелерінде баннерлермен жарнамалық тақталарға ұлттық құраманың әр спортшысының суреті ілінеді. Қазір жігіттер мен қыздар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықтарын пысықтап жатыр. Мәселен, жамбы атудан ұлттық құрама мүшелері осымен екінші рет Алматы облысында оқу-жаттығу жиынында жүр.

Елдос Бадашев, жамбы атудан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы:

- Балаларымыз қазір 2 құраммен оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Осы құрама команданың ең үздік спортшылар дайындалып жатыр. Енді дайындығымыз қазіргі таңда 70-80%-ке дайын деп ойлаймыз, бірақ әлі де жасайтын жұмыстарымыз бар. Техникалық, тактикалық тұрғыдағы әлі жұмыстарымыз бар. Аттармен арнайы дайындалып жатырмыз.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын спортшылар мен делегация мүшелері елордадағы 21 қонақүйге жайғасатын болады.

Шараны ұйымдастыру комитеті арнайы жұмыс тобына қазір қалыпқа келтіріліп жатқан инфрақұрылымдар мен спортшылар жайғасатын қонақүйлерді, ондағы ас мәзірін таныстырды.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Біз қазіргі уақытта 21 қонақүймен келісімшартқа отырған болатынбыз. Келетін спортшылармен ресми делегация – 2 мыңнан астам спортшы мен делегацияны күтіп отырмыз. Қазіргі уақытта 89 ел қатысатынын растады.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 1200 волонтер де жұмылдырылады. Өңірлерден келген еріктілер де қонақүйлерге жайғасады. Кешенді жарыс Астанада қыркүйектің 8-і мен 13-і аралығында өтеді. Онда 21 спорт түрінен 97 медаль сарапқа салынады.

Авторлары: Риат Шони, Бағдат Қайыркенов, Абдулхамит Бөлекпаев, Марат Диханбаев.