Алматыда «Қажымұқан жолы» ұлттық күш турнирі өтті
Күзде Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бағдарламасында «Күштілердің сайысы» деген бағыт бар, деп хабарлайды 24kz.
Осы ереже «Қажымұқан жолы» деп аталатын ұлттық күш турнирде көрсетілді. Алматыда өткен шараға 8 спортшы қатысты. Жарыс талабын бұлжытпай орындаған қара күш иесі Астанада өтетін гранд финалға жолдама алды.
Турнирдің «Қажымұқан жолы» деп аталуы тегін емес. Жарыста қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой балуан, алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасовтың жаттығу элементтері көрсетілді. 5 қаптың салмағы 60-тан 90 келіге дейін. Ал тас 130 келі. Бөрене 120 келі тартады. Осының бәрін спортшылар 1 минут ішінде көтеруі тиіс. Оған қоса, темір майыстыру, белдесу сияқты жаттығулар кірді.
Бауыржан Сералин, «Қазақстан спортшылар одағы» РҚБ қалалық филиалының басшысы:
- Бұл жерде қара күш емес ептілікті де қажет етеді. Белгілі бір тактиканы қажет етеді. Мұндай шараларды 15 рет регионда өтікізіп жатыр. Көшпенділер ойынының кейбір элементтері бізде бар. Қатысатын спортшылар көшпенділер ойынына қатысады. Біз тек Қажымұқан жолы деп осындай ұлттық күш салу, қара күш спорт түрлерін дамыту мақсатында біздің одақ осындай шараны ұйымдастырып отыр.
Турнирдің ұйымдастырушысы – Қазақстан спортшылар одағы. Ал жобаның авторы – танымал спортшы, қазақ балуандарының дәстүрін жалғастырушы, Туризм және мәдениет министрлігінің ресми амбассадоры Сергей Цырульников. Алматыда өткен шараға 8 адам қатысты. Солардың ішінде жиналғандар Бағлан Мырзатайдың өнеріне тәнті болды.
Бағлан Мырзатай, спортшы:
- Тасты үстелге қойып көтеру 130-140 келі шығатын тас қой. Соны үстелге 13 рет көтеріп, 1-орын, ал бөрене көтеруден бірді алдым 16 рет. Осы болып жатқан турнирдің рекордын қойдым. Бұрын дзюдо күресінен қатысқам. Спорт шеберлігіне үміткермін. Спортты қойғаныма 2-3 жылдан асып кетті. Бірақ мына жарысты көріп, «Қажымұқан жолы» жарысына бірінші рет келіп тұрмын. Одан бөлек, алыптар сайысыныа қатысқам.
Күш турнирінде алғашқы жүлделі 3-орынды Бағлан Мырзатай, Бауыржан Әбдіхайым, Илья Шмигель бөлісті. Жыл соңында Астанада қорытынды жарыс өтеді. Оған өңірлерде үздік деп танылған абсолютті чемпиондар қатысып, Қажымұқан белбеуінің иегері атағына таласады
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев