Көшпенділер ойынына Өзбекстаннан 120-дан астам спортшы қатысады

Елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Өзбекстан атынан 120-дан астам спортшы қатысады.

Бұл туралы көршіміздегі этноспорт қауымдастығының бас хатшысы арнамызға берген сұхбатында айтты. Ала шапанды ағайын әлемдік доданың биыл жоғары деңгейде өтетініне сенімді. Себебі Қазақстанның айтулы аламандарды ұйымдастыру қабілетіне көптен бері куә болып келеді.

Астанада өтетін көшпенділер ойындарының бағдарламасына 21 спорт түрі енген. Соның ішінде күрес, көкпар, арқан тартыс секілді бәсекелер Өзбекстанда кең таралған. Көршіміз дүбірлі додаға тыңғылықты дайындалып жатыр. Тіпті бұған дейін Шахрисабзда ауқымды этноспорт фестивалін өткізіп, жергілікті спортшылардың шеберлігін шыңдаған. 

Орхан Кападзе, Өзбекстан этноспорт қауымдастығының бас хатшысы:

- Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Өзбекстан атынан 122-125 спортшы қатысады деп жоспарлап отырмыз. Біз спорттың 14 түрінен бақ сынаймыз. Өзбекстандықтар «Теңге ілу» мен «Аударыспаққа» бірінші рет қатысады. Бұл біз үшін жаңа бағыт болып отыр. Спортшыларымыз жүлделі оралады деген үміттеміз. 

Қазір әр федерация жеке бағдарлама құрып, сайыс пен өзге де іс-шараларды қолға алған. Құрама сапына енетін спортшылар саны белгілі, енді тек есімдерін нақтылау қалып отыр. Өзбекстандық тарап биылғы көшпенділер ойынының Астанада өткізілуін құп көреді. Сол арқылы спорттық іс-шараның мазмұны ерекшеленіп, ауқымы кеңейеді деген пікірде.

Орхан Кападзе, Өзбекстан этноспорт қауымдастығының бас хатшысы:

- Бұл ауқымды жарыс. Сондықтан толық әрі тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жоғары деңгейде ұйымдастырады деп сенеміз. Бұл елдің ірі спорттық іс-шараларды өткізуде тәжірибесі мол. Этноспорт, оның ішінде ат баптау, садақ ату сияқты машықтар қазақ халқының ажырамас бөлігі. 

Еске салайық, 8-13 қыркүйек аралығында Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатыспақ. 

Рауан Мыңбаев