Назым Қызайбай: Әр жекпе-жекте қолымнан келгенін аянбаймын
Париж Олимпиадасында бүгін жарыс жолына 8 спорт түрінен 11 спортшы сынға түседі, деп хабарлайды 24kz.
Әзірге сайысқа бірінші болып шыққан отандастарымыз келесі айналымға өте алмады. Әуелі академиялық ескек есуден бақ сынаған Владислав Яковлев мәреге 6 минут 59 секундта келіп, жалпы есепте 25-орынға тұрақтады. Артынша дзюдодан Камила Берліқаш алғашқы кездесуінде ұтылып, жарысты аяқтады.
Ал қыздардан 50 келідегі Назым Қызайбай ширек финалға шықты. Ол бразилиялық қарсыласын соңына дейін соққының астына алып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Төрешілер алғашқы раундта отандасымыздың өнерін жоғары бағалап, 5:0 деген баға берді. Келесі кезеңде 4:1, шешуші раундта да дәл сондай есеп тіркелді.
Назым Қызайбай, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
- Бәрі ойдағыдай өтті. Әлі бұдан да жақсы өнер көрсету керек деп ойлаймын. Олимпиадада барлық қарсылас бірдей болады. Көбінесе психологиялық тұрғыда кім мықты сол жеңеді деп ойлаймын. Көптеген чемпиондарды көріп жатырсыздар. Сондықтан әр жекпе-жекте қолымнан келгенін аянбай, жеңіс үшін бәрін беремін.