Олимпиадада дзюдошылар тұңғыш рет командалық сайысқа қатысты

Қазақстанның дзюдо құрамасы тарихта тұңғыш рет Олимпиада ойындарында командалық сайысқа қатысты, деп хабарлайды 24kz.

Әбиба Әбужақынова, Данияр Шамшаев, Эсмигүл Куюлова, Абылайхан Жұбаназар, Камила Берліқаш, Шархан Нұрлыхан бразилиялық дзюдошылармен белдесті. Нәтиже 2:4 болып, Бразилия командасының есебіне шешілді. Жерлестеріміздің арасында Шамшаев пен Жұбаназар қарсыластарын иппон әдісімен ұтып, татамиде шеберлік көрсетті.

Ескере кететін бір жайт, командалық сайыста бәсекелес тараптардың салмақ категориялары дәл түсе бермейді. Осы тұрғыдан Бразилия құрамасында айқын басымдық болды. Десе де, спортшыларымыз бұл белдесуден көп тәжірибе жинағандарын айтады.

Абылайхан Жұбаназар, ҚР Дзюдо құрама командасының мүшесі:

- Кеше жеке дара сында да өзімді жеңіл сезінгем. Ашыла алмадым дұрыстап басында. Мына жақта Бразилияның 90 келі салмақтағы бірінші нөмірлі палуаны. Жекелей сында бесінші орын алған. Жақсы палуан. Солға қарай кіреді деп күтпедім. Негізі оңға қарай амал жасағам. Құлап қалды. Бір моменті келгенде қолынан болевой тартып кеттім.

Әбиба Абужақынова, ҚР Дзюдо құрама командасының мүшесі:

- Біз Қазақстан үшін барымызды салдық. Келесі Олимпиадада толық құраммен келеміз деген үміттеміз. Сол қазір ешқайсымыз өзіміздің салмағымызда күрескен жоқпыз. Бұл біздің ақталып тұрғанымыз емес. Қай салмаққа шықса да, өзінен жоғары салмақтағы балуандарды ұтты балаларымыз. Жұбаназар 90 келінің баласын ұтты. Данияр да мысалға. Келесі Олимпиадада, иншалла, медаль алатындардың қатарында тұрамыз деп айта аламын. Себебі біз Олимпиадада бірінші рет команда болып күресіп тұрмыз.