Нұрбек Оралбай финалда Александр Хижнякпен жұдырықтасады

Бүгін Париж Олимпиадасында 3 спорт түрінен 5 отандасымыз жарыс жолына шығады, деп хабарлайды 24kz.

Әзірге стенд атудан Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко аралас командалық сында бақ сынап жатыр. Отандық спорт жаңалықтарына қатысты ақпаратты әріптесім Мерей Қанапия айтып беруге дайын.

Диктор:

- Мерей, қазақстандық спортшылардың көрсеткіші көңіл көншіте ме?

Мерей Қанапия, тілші:

- Кешегі демалыс күндері отандастарымыз жоғары деңгейде өнер көрсетті. Нәтижесінде 2 спортшымыз финалға, тағы біреуі жартылай финалға өтіп, қазақ жанкүйерлерін қуантты.

Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай финалда жұдырықтасады. Ол шешуші кезең жолдамасын доминикандық Кристиан Пиналаспен сарапқа салып, қарсыласынан басым түсті. Қорытынды есеп – 3:2. Отандасымыз осыған дейін алғашқы кездесуінде австралиялық, артынша әзербайжандық боксшылардан айласын асырған еді. Енді ақтық сында Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері украиналық Александр Хижнякпен жұдырықтасады.

Нұрбек Оралбай, бокстан ұлттық құрама мүшесі:

- Қолдап жатқандарыңызға, қазақ еліне рақмет айтамын. Мұнымен тоқтамаймыз. Алла қаласа, финал. Енді ағайлардың айтуымен, тактикасымен бәрі ойдағыдай өтті. Қарсыласым да білесіздер, осал емес. Бірінші кездесуінде қазақ бауырымызды - Тоқтарбекті ұтты.

Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Алға бармай, өзін шақырып, керек жерінде нақты соққылармен ұру керектігін айттық. Тапсырманы толық жақсы орындап шықты. Былай айтқанда, біраз жігіттің жетпеген, кеткен есесін қайтарды деп ойлаймын. Финалға да жақсылап, тыңғылықты дайындалып шығамыз. Бар күшін салады. Барлық боксшы үшін енді бір-ақ адам қалды. Барын салады.