Париж - 2024: Айбек Сұлтанғали мен Әлімхан Сыздықов ұтылып қалды
Париж Олимпиадасының басталғанына 11 күн болды.
Әзірге Қазақстан құрамасы жалпы есепте 29-орында тұр. Алған жүлдеміз төртеу. Десе де бүгін ел қоржынына тағы бір медаль түсуі мүмкін. Қай спорт түрінен?
Кеше жарыс жолына шыққан грек-рим шеберлері жүлдеден тыс қалды. Әуелі 130 келіде бақ сынаған отандасымыз Әлімхан Сыздықов бірінші кездесуінде румын балуанынан айласын асырған еді. Алайда ширек финалда әзербайжан спортшысымен кездесіп, 4:0 есебімен есе жіберді. Ал 60 келідегі Айбек Сұлтанғали алғашқы белдесуінде қырғыз балуаны Жоламан Шаршенбековпен белдесіп, ұтылып қалды. Есеп 3:6. Айта кетейік, қырғыз балуаны әлемнің 2 дүркін чемпионы әрі өз салмағында көш бастап тұр. Егер ол финалға шыққан жағдайда отандасымыздың қолаға таласудың мүмкіндігі жоғары еді. Алайда Жоламан Шаршенбеков жартылай финалда сүрініп, өзі үшінші орын үшін белдесетін болды.
Айбек Сұлтанғали, грек-рим күресінен ұлттық құрама мүшесі:
- Біздің ережеге қарсы аяқтан ұстау тәсілі болды. Өзім сездім. Өйткені қолын ұстап, лақтырды. Артық күш құртпай-ақ қояйын дедім. Әлемнің бірінші нөмірлі балуаны. Шықтым, кеше жеребені көрдім. Настрой өте мықты болды. 6 минут бойы бой көрсетіп, қырылып, қолымнан келгенінше 100 пайыз күрестім. Енді шама осыған жетіп тұр екен. Әлде де жұмыс істейміз.
40 спортшыдан COVID-19 инфекциясы анықталды
Париждегі Олимпиадада 40-тан астам спортшыдан ковид анықталды. ДДСҰ осылай деп хабарлады. Инфекция жұқтырушылардың көбі Австралия құрамасының мүшелері. Команда жаттықтырушыларының сөзінше, коронавирус, жүзушілерден додаға дайындық бағдарламасы кезінде анықталған. Лани Паллистер мен Элла Рэмси инфекция жұқтыруына байланысты жарыстан шығып қалды. Қазір құрама мүшелері арасында ауру жылдам таралуда. Еске салайын, бұған дейін Бельгия мен Швейцария құрамасы жарысқа қатысушыларда жедел ішек инфекциясы анықталып, сайыста өнер көрсетуден бас тартты.