Демеу Жадыраевтың жеңісіне жерлестері тілеулес болды

Париж Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алып, көк туымызды желбіреткен Демеу Жадыраевтың тума-туыстары, жерлестері мен барша қазақ елі байрақты бәсекені тікелей эфирде тамашалап, балуанға қолдау білдіріп отырды, деп хабарлайды 24kz.

Сөйтіп Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылының халқы бір адамдай жұмылып, жеңісіне тілеулес болды. Олимпиадада грек-рим күресінен 77 келі салмақта бағын сынаған Демеу 1989 жылы осы Үшарал ауылында дүниеге келген. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ күресе бастапты. Бір сұхбатында қазақтың данқты балуандарының суреттерін жинап, соларға еліктеп өскенін айтқан. Бала жасынан чемпион болуды армандапты. Жылдар бойы жаттығып, тынбай талпынып, ақыры арманына қол жеткізген балуан қазақ елін қуантты. Бөркін аспанға атқан ауылдастары енді Демеуді қарсы алуға дайындалып жатыр. Жеңісті сәтін тікелей эфирде тамашалаған анасының да қуанышында шек жоқ. Ол барлық қазақстандықтарға жүрекжарды тілегі мен алғысын жеткізді.