Қырғыз елі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызығушылық танытып отыр

Қырғызстандықтардың елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызығушылығы басым, деп хабарлайды 24kz.

Көршілес ағайын жарыс алаңында жерлестерінің өнеріне қолдау көрсетіп, Астананың әсем жерлерін аралау үшін елордаға арнайы келеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын бұған дейін Түркия, Қырғызстан ұйымдастырса, енді, міне, Қазақстан келушілерді ерекше дүниелермен таңғалдыруға тырысады. Көптің есінде қалатыны – іс-шараның ашылуы мен жабылу рәсімі. Дәл осы шоу бағдарлама арқылы көшпелі өркениеттің өткеніне шолу жасалады. Биыл дүниенің түкпірінен Астанадағы басты жобаны тамашалауға асыққандар көп. Қырғызстан жұрты туристік фирмаларға осы бастан тапсырыс беріп жатыр.

Сергей Глуховеров, туристік фирма директоры:

- Туристеріміздің бірі әлемнің барлық бұрышын аралап шықты. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді дегенді естісімен, маған хабарласып, достарымен, отбасымен бірге баратынын айтты. Бұл іс-шара Қырғызстанда жоғары деңгейде өткенін жақсы білеміз. «Енді Қазақстандағы ойынды жіберіп алғымыз келмейді», дейді.

Дүбірлі додада Қырғызстаннан 300-ге жуық спортшы бақ сынайды. Әр қатысушының өнерін қолдайтын жанкүйерлері де көп. Мәселен, ат спорты құрамасын жергілікті халық жақсы біледі, олардың әр өнерін жібермей көреді.

Самат Токтоналиев, ҚР Дене шынықтыру және спорт департаменті директорының орынбасары:

- Біздің сайыпқырандарымыз спорттың 29 түрі мен әр елдің ұлттық ойындары бойынша сынға түседі. Оларға үкімет жан-жақты қолдау көрсетеді. Арнайы спорттық киімдермен қамтамасыз етіп, жарыс кезінде жол шығыны, жатын орнын қаржылай көтереді.

Әзірге қырғыз спортшыларының доданың ашылу салтанатында қандай киім киіп шығатыны белгісіз. Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің хабарлауынша, рәсім киімінің нобайы дайын, қазір цехта тігіліп жатыр. Ол жергілікті киім өндірушісіне тапсырылған. «Спортшылардың костюмі ыңғайлы, сапалы, сәнді, сонымен бірге этникалық стиль элементтерімен жабдықталады», - дейді.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Бакыт Чермашев