Н.Оралбай: Мені қолдаған еліме рақмет!
Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды 24kz.
Ол финалда украиналық тәжірибелі боксшы Александр Хижнякпен жұдырықтасып, ұтылып қалды. Отандасымыз бірінші раундта есе жібергенімен, келесі кезеңде ширақ қимылдап, 3:2 есебімен басым түсті. Кездесу тағдыры соңғы раундта шешілді. Төрешілер бір ауыздан украиналық спортшының қолын көтеріп, жеңіске жеткенін хабарлады. Осылайша, Нұрбек Оралбай өзінің алғашқы олимпиадасында күміске қол созды. Ол осыған дейін Австралия, Әзербайжан, Доминикан спортшыларынан басым түскен еді.
Нұрбек Оралбай, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Мені қолдап жатқан қазақ еліне рақмет. Енді барымды салдым. Осыған да шүкір етеміз. Енді келесі Олимпиадаға жақсылап дайындалып, барымды саламын. Қолдап жатқандарыңызға рақмет.
Мырзағали Айтжанов, бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері:
- Жекпе-жекке тыңғылықты 2 күн жақсылап дайындалдық. Айла, тәсіл кейбір жерде әрине біз ойлағандай болған жоқ. Жалпы тапсырманы дұрыс орындап, 3 раунд бойы бұйырмай тұр. Бағы жанып тұр екен Хижняктің. Олимпиада чемпионы болды. Оның алдында 2-орын алған. Жалпы өте тартысты өтті. Оны тек мен емес шешінетін, дайындалатын жерде басқа елдің де бапкерлері біздің Нұрбекке жақсы баға беріп жатыр.
Жадыраев: Олимпиада атмосферасын финалда ғана сезіндім
«Олимпиада атмосферасын финалда ғана сезіндім». Грек-римнен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев осылай дейді. Ол ақтық сында жапон балуаны Нао Кусакамен белдесіп, есе жіберді. Отандасымыз алғашқы минуттардан-ақ белсенді күресіп, 2 ұпаймен алға шыққан еді. Алайда қарсыласы соңына дейін алысып, жеңісті жұлып әкетті. Қорытынды есеп – 5:2.
Айта кетейік, грек-римнен 77 келіде осыған дейін бірде бір қазақстандық балуан олимпиада финалында күреспеген.
Самирхон Абабакиров алғашқы кездесуінде ұтылды
Таеквондодан Қазақстандық Самирхон Абабакиров Париж Олимпиадасындағы алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды. 58 келі салмақта сынға түскен отандасымыз олимп шыңын бағындырған тәжірибелі италиялық спортшымен жекпе-жекке шықты. Ол бірінші кезеңде 12:6 есебімен алға шыққан еді. Алайда соңғы 2 кезеңде бағы мен бабы келіспей, қарсыласына есе жіберді.
Самирхон Абабакиров, таэквондодан ұлттық құрама мүшесі:
- Бәрі жақсы басталған. Соққылар да бәрі. Соңында кішкене қатемен жеңісті беріп қойдық. Барымды салдым. Екінші раунд та жақсы боп тұрды. Ортасында кішкене қателік жіберіп қойдым. Құдай қаласа, АҚШ-тағы келесі Олимпиадаға дайындаламыз.
Бүгін жарыс жолына шығатын спортшылар
Бүгін жарыс жолына шығатын спортшыларға тоқталсақ. Дәл қазір еркін күрестен 57 келідегі Мейрамбек Қартбай мен 86 келідегі Азамат Дәулетбеков сынға түсіп жатыр. Сондай-ақ құзға өрмелеуден өткенде ғана Олимпиада рекордын жаңартқан Әмір Маймұратов сәлден соң жарыс жолына шығады. Ол ширек финалда Иран спортшысымен өзара мықтыны анықтайды. Және Астана уақытымен 17:30 да семсерлесуден Елена Потапенко сайысқа шығады.