Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 27 күн қалды

Төрт жылдықтың басты додасы өз мәресіне жетті.

Кеше жарыс жолына жерлестерімізден Әлішер Ерғали мен Жанна Мамажанова шықты. Еркін күрес шебері жұбаныш белдесуінде ирандық спортшыға 1 де 6 есебімен есе жіберді. Ал марафоншы аруымыз 2 сағат 30 минут 51 секунд көрсеткішімен 33-орынға тұрақтады. Осылайша Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасын 43-ші орынмен аяқтады. Ел қоржынында бір алтын, үш күміс және үш қола. Жабылу салтанатында Қазақстанның туын таэквондошы Батырхан Төлеуғали мен гимнастшы Эльжана Таниева ұстады. Еске сала кетейік көркем гимнастикадан құрама көшбасшысы Эльжана Таниева Олимпиадада 13-орын алды. Ал Қазақстан байрақты бәсекедегі ең жас спортшысы таэквондошы Батырхан Төлеуғали 1/8 финалда әлемнің екі дүркін чемпионы италиялық Симоне Алессиодан жеңіліп қалған болатын. Ал жарыстың салтанатты шарасы кеше "Стад де Франс" стадионында өтті. Онда 2028 жылғы ойындар өтетін Лос-Анджелес қаласының мэріне олимпиада алауы табысталды. Естеріңізге сала кетейік Токио төрінде ел спортшылары тек 8 қоламен шектелген болатын. Ал Қазақстан үшін ең жақсы көрсеткіш Атланта және Лондон олимпиадалары болды. 

Тура 27 күннен кейін елордада көшпенділер ойындары басталады. Айтулы дода 21 спорт түрінен өтеді. Ел намысын 216 спортшы қорғайды. Оның 172-сі ер азамат болса, 44-і нәзік жандылар. Қазір ұлттық құрама жасақталып, тұлпарлар бапталып жатыр. Күні кеше Алматы қаласында дәстүрлі бәйгеден 2-ші іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Нәтижесінде ел намысын қорғайтын жүйріктер анықталды. Көшпенділер ойындарына іріктеу кезеңдерінде 1, 2, 3-орын алған тұлпарлар қатысады. Дүбірлі додада құнан 11, аламан 25, топ бәйге  18 шақырымға созылады. Ал жорғалар 9 шақырымға жарысады.

Қазақстандық теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева АҚШ өтетін Цинциннати турниріне қатысады. Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген Рыбакина доданы екінші айналымнан бастайды. Ол әлемнің 25-ракеткасы, канадалық Лейла Фернандес және рейтингіде 42-ші орында тұрған қытайлық Юэ Юан жұбының жеңімпазымен кездеседі. Ал Путинцева болса алғашқы айналымда іріктеу сайыстарынан сүрінбей өткендердің бірімен шеберлік байқасады. Естеріңізге сала кетейік Қазақстанның 1-ші ракеткасы олимпиадаға бір күн қалғанда денсаулығына, ал 2-ракеткасы жарыс күні жарақатына байланысты Париждегі додада ел намысын қорғаудан бас тартқан болатын. 

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов даниялық «Силькеборг» сапындағы алғашқы голын соқты. Дания чемпионатының төртінші турында аталған команда «Рандерспен» кездесті. Нәтижесінде «Силькеборг» 2:0 есебімен жеңіске жетті. Жерлесіміз негізгі құрамда шығып, 52-минутта гол соқты. Айта кетейік, Рамазан аталған клубқа маусым айында ауысып, 2027 жылдың маусымына дейін келісім-шартқа отырды. Ол жаңа клубтағы алғашқы ойынын 6 шілдеде нидерландтық «Утрехтқа» қарсы өткізді.

Ресей премьер-лигасы 4-турында Мәскеулік «Спартак» пен грозныйлық «Ахмат» кездесті. Ойын «Лукойл Арена» стадионында өтті. Жерлесіміз Максим Самородов 76-минутта алаңға шықты. Екі командада үздіксіз шабуылда болды, алайда бір-біріне гол соғуға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде есеп 0 де 0. «Спартак» жеңіліссіз сериясын үш матчқа дейін ұзартты. Ал «Ахмат» өз кезегінде төртінші кездесуде жеңіске жете алмады. Сондай-ақ грозныйлықтар қатарынан үшінші кездесуінде гол соға алмады. Ойын нәтижесі бойынша «Спартак» 7 ұпай жинап, 4-орынға жайғасты. Ал «Ахматтың» еншісінде 3 ұпай бар және 14-орында.