Көкпаршыларымыз көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр

Қазақстандық көкпаршылар күзге салым өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тыңғылықты дайындалып жатыр.

Тақымға серке басқан жігіттер қазір Алатау бөктерінде оқу-жаттығу жиындарында жүр. Спортшылар үшін енді тек дүбірлі дода алдындағы қорытынды жаттығу қалды. Ол 27 тамыз бен 7 қыркүйек күндері елордада болады.  Ал көкпар мен көкбөріден байрақты бәсеке Қазанат ипподромында 9-12 қыркүйек күндері өтеді. Еске сала кетейік бұған дейін өткен көшпенділер ойындарында көкпардан жерлестеріміз финалда Қырғызстан құрамасын 4-3 есебімен жеңіп, тұғырдың алғашқы сатысынан көрінген болатын. 

Наурызбай Қалтаев, көкпардан ұлттық құрама спортшысы:

- 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына деген дайындығымыз жоғары деңгейде өтіп жатыр. Екі спорттың айырмашылығы тайм санында – көкбөріде үш тайм ойналады, ал көкпарда екеу. Көкбөріде қазандыққа, ал көкпар жерге сызылған шеңберде ойналады.

Ақылбай Манкеев, көкпардан ұлттық құрама бас бапкері:

- ДКО аясында көкпар және көкбөрі ойындары өтеді. Қазір спортшылардың дайындықтары жақсы. Басты қарсылас ретінде Қырғызстан мен Өзбекстанды айтар едім. Егер біз көкпардан жеңісімізге сенімді болсақ, көкбөрі ойынынан мүмкіндіктеріміз тең дәрежеде. Біраз жылдан бері көкбөрі ойнаған жоқпыз. Десе де жеңіс үшін барлық мүмкіндігімізді пайдаланамыз.