Ковбойлар көкпар тартуға машықтанып жатыр

Көшпенділер ойынына америкалық көкпаршылар келеді.

Бұлар да тақымға серке басудан үмітті. Қазір дүбірлі додаға тыңғылықты дайындалып жатыр.

Шетелдік спортшылардың арасында аударыспақ шеберлері де бар.

Америкалық спортшылар ат үстіндегі додадан алыс емес. Кейінгі жылдары бұл елде көкпар спортына қызығушылық қарқын алып келеді. Бұқаға көзді жұмып шалма лақтыратын ковбойлар қазір серкені де ұршықша иіріп жүр. Көкпар тартып тақымы тастай болғандардың бірі - Ник Уиллерт. Ол АҚШ құрама командасының мүшесі. Бұған дейін өткен  көшпенділер ойындарында көкбөріден бақ сынаған. Енді Астанаға ат басын бұрып отыр.

Николас Уиллерт, ат спортынан АҚШ командасының мүшесі:

- Алғаш рет көкпарды көргенде ішімде бір жалын пайда болып, арқам шымырлана түсті. Мен де атқа мініп дәл осылай додаға түссем деген сезім болды. Оған қоса Орталық Азия елдеріне деген қызығушылығым арта түсті. Мәдениетпен етене танысқым келді. Сосын Қазақстанға да барсам деген арман пайда болып, осы Дүниежүзілік көшпелі ойындар қарсаңында соған қол жеткізгелі отырмын. Тек мен ғана емес, құрама командамыз сондай қуанышты болып отыр.

Уиллерт көкпардан бөлек шаңғы, серфинг және ММА спортымен шұғылданады. Сондай-ақ ат үстіндегі күресті жетік меңгерген. Елде өтетін көшпенділер ойындарында көкпардан бөлек аударыспаққа да қатысады. Өзіне бек сенімді. Тек тұлпарлары біздің ұлттық ойындарға үйренбеген.

Николас Уиллерт, ат спортынан АҚШ командасының мүшесі: 

- Біз сіздердегідей атпен жаттыға алмаймыз. АҚШ-та ережелер басқаша. Әрі мына жақтағы жылқылар өмірінде көкпарды да, аударыспақты да көрмеген. Біз Қазақстанға өз атымызбен бармайтын болдық. Сайыстағы басты серігімізбен Астанада қауышамыз. Бір қиыны оларға бой үйретуге екі тәуліктен аз ғана уақытымыз бар. Көкпар үшін астыңдағы тұлпардың саған да үйренуі маңызды деп санаймын. Алайда біз үшін бұл еш кедергі емес. Қайта ерекше тәжірибе болып, мықтылығымыз сыналғалы тұр. 

Иә мұхит асып келетін спортшылардың Астанаға ат алып келе алмайтыны анық. Оған қоса кейбір көршілес елдердің де мүмкіндігі жоқ. Осыған байланыста қазір елде іріктелген 300-ге жуық ат шетелдіктерге арнап бапталып жатыр. 

Қарлығаш Рамазанова, "Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы" директорының орынбасары:

- Бәрі жалға алынатын аттар. Мұндай тәжірибе бізде болды. Мысалы, 2017 жылы көкпардан әлем чемпионатында барлық елдерге Қырғызстан мемлекетінен басқа елдерге аттар берілді. Енді осы жолы Қырғызстан елінен басқа елдерге аттар берілетін болады. Қай спорт болмасын осы ат спортына байланысты. 

Иә, айтулы шараға 15 күннен аса уақыт қалды. Байрақты бәсекеде 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Көкпар мен көкбөріден іріктеу ойындары 9, ал финалдық сайыс 12 қыркүйек күні «Қазанат» ипподромында өтеді. 

Әлішер Әли, Ердана Ержанұлы