«Ордабасының» бас бапкері қызметінен кетті

"Ордабасының" бас бапкері Александр Седнев қызметінен кетті.

Бұл туралы клуб әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. 51 жастағы беларусь маманы Шымкенттік ұжымға 2021 жылдың қаңтарында келген. Оның жетекшілігімен шымкенттіктер 129 кездесу өткізіп, оның 63-інде жеңіске жетті. Ал 28 кездесуде тең түсіп, 38 рет қарсыластарына есе жіберді. Үш жарым жыл ішінде Қазақстан кубогы мен Қазақстан чемпионатын жеңіп алды. «Шахтерге» қарсы кездесу оның «Ордабасы» тізгініндегі соңғы кездесуі болды. Айта кетейік жақында Ұлттар лигасының қыркүйек айындағы матчтарына қатысатын ойыншылардың кеңейтілген тізімі жарияланды. Тізімде шымкенттік клубтың 7 ойыншысы бар.

Франция астанасы Париж қаласында өтетін Паралимпиада ойындарының салтанатты ашылу кешінде Қазақстан туын кімдер алып шығатыны белгілі болды. Көк байрағымызды волейболды отырып ойнаушы Берік Ізмағанбетов пен пара нысана көздеуші Севда Алиева ұстап шығады. Қазақстан паралимпиада ойындарына осымен сегізінші мәрте қатысқалы отыр. 1996 жылдан бері отандастарымыз жазғы ойындарда 7 медаль яғни 2 алтын, 4 күміс және 1 қола медальді жеңіп алған. Биылғы бәсекеде ел намысын 44 спортшы қорғайды. Оның ішінде 10 татами шебері бар. Париждегі додаға бұған дейінгі Паралимпиада бәсекелерінің қос чемпионы мен екі жүлдегері қатысады. Сондай-ақ ұлттық құрама биыл алғаш рет пара үстел теннисінен Паралимпиада жолдамасын жеңіп алды. Еліміздің намысын бұл сында Әли Мақұлбеков қорғайды.

Садақшылар көшпенділер ойындарына сақадай сай. Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама қазіргі уақытта «Қазанат» ипподромында шеберліктерін шыңдап жатыр. Команда құрамында 6 ер, 4 бұрымды бар. Олар айтулы дода аясында 34 мемлекеттен келген спортшылармен сайысқа түседі. Дәстүрлі садақ ату жарысы 4 бағытта яғни қазақ нысана жамбысы, түріктің пут, қалқан және 30 метрге арналған командалық жамбы сайысы бойынша өтеді. Спортшылар байрақты бәсекеде дәстүрлі киім киюге міндетті.

Диас Ахметов, дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Қазіргі таңда дәстүрлі садақ атуға 35 мемлекет ұсыныс тапсырды. Аккредитациядан өткеннен кейін нақты мемлекет саны шығады. Түркия елі, Малайзия, Қырғызстан және Венгрия мен Ресейдің мергендері өте мықты. Өйткені біз шетелдік жарыстарда оларды көрдік. Бірақ өз жеріміз, өз алаңымыз, міндетті түрде алтын иеленеміз. 

Ажар Рахметқызы, дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама спортшысы:

- Соңғы 2 жаттығу ойынымыз Астана қаласында өтіп жатыр. Көшпенділер ойындарына 1 айдан аз уақыт қалғандықтан, дайындығымызды күшейтіп жатырмыз. Қазақ елінің спортшыларының барлығы алтыннан дәмелі деп ойлаймын. Өйткені өз елімізде, өз жерімізде. Өзімізше күш қуат беріп жатқандықтан алтын алуға барымызды салып жатырмыз. 

Футзал: Қазақстан Тәжікстанмен жолдастық кездесу өткізеді

Футзалдан Қазақстан құрамасы Тәжікстанмен кездеседі. Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны 5 тамыз күні Алматы қаласында басталды. Аяқ доп шеберлерін бабына келтіру процесін қамтитын бірінші кезең 18 тамызға дейін жалғасты. Енді құрама 5 қыркүйекке дейін Астанада жаттығады. Екінші оқу-жаттығу жиыны барысында Қазақстан құрамасы Тәжікстанмен 22-24 тамыз күндері екі мәрте жолдастық кездесу өткізеді. Одан кейін Қазақстан құрамасының Иранға қарсы екі жолдастық матчы жоспарланған. Жиынның қорытынды кезеңі Алматыда 6-10 қыркүйек аралығында болады. 7 қыркүйек күні Қазақстан құрамасы Аргентинамен шеберлік байқасады. Оқу-жаттығу жиынына 21 футболшы шақырту алған. Нақты тізімге 14 ойыншы енеді. Айта кетейік, биыл әлем чемпионаты 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанда өтеді. Қазақстан құрамасы Испания, Ливия және Жаңа Зеландия құрамаларымен кездеседі.