Футзал: Қазақстан Тәжікстан құрамасын ұтты
Футзалдан әлем чемпионатында дайындық қыза түсті, деп хабарлайды 24kz.
Яғни бірер аптадан кейін Өзбекстанда дүниежүзілік дода басталады. Осы тұрғыда ұлттық құрамамыз бірнеше жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Атап айтқанда, Тәжікстан, Аргентина және Иран құрамаларымен жолықпақ. Бүгінге дейін Тәжікстан құрамасымен 2 рет кездесті және екеуінде де Рикардо Кака баптайтын жігіттер жеңіске жетті. Соңғы матч демалыс күні ұйымдастырылды және Қазақстан құрамасы 4:3 есебімен басым түсті. Жерлестеріміз арасынан Арнольд Кнауб, Жуниор Дуглас және Азат Валиуллин мергендігімен көзге түсті. Тіпті Азат дубльдің авторы атанды. Ұлттық командамыз астанадағы жаттығу жиынын жалғастырады және алдағы күндері дәл осылай Иран құрамасымен қос матч өткізуі керек. Ал Аргентинамен кездесу Алматы қаласында болады. Одан кейін, нақтырақ айтқанда, 10 қыркүйек күні Өзбекстанға аттанады.