Қазақстандық балуан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Едіге күміс, Бақдәулет қола жүлдегер атанды. Иордания астанасы Амман қаласында күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды 24kz.
Жарыстың соңғы күні еркін күрес бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды және нәтижесінде қос қазақ баласы жеңіс тұғырына көтерілді.
Атап айтқанда, 110 келіде бақ сынаған Едіге Қасымбек финалға дейін жетіп, ақтық сында америкалық Михаил Жосеп Моккодан ғана ұтылды.
Айта кету керек, Едіге былтыр да күміс медаль алған болатын. Яғни әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері атанып отыр. Сондай-ақ екі жыл қатарынан Азия чемпионатында топ жарды. Едігеден бөлек, 65 келіге дейінгілер арасында Бақдәулет Әкімжан қола медальға ие болды. Ол кіші финалда грузиялық балуаннан басым түсті. Бұған қоса, ұлттық құрама өкілдері қыздар күресінде 3 қола, ал грек-рим күресінде 2 күміс жеңіп алды.