ДКО-ға дайындық. Аударыспақ мықтылары 4 алтынға уәде берді

Төрткүл дүние көз тіккен көшпенділер ойындарына 1 аптадан аз уақыт қалды.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатына бөлінген билет түгел сатылды. Ойынның басқа күндері алыпсатарлыққа жол бермес үшін бір қолға 4 билеттен артық сатпау туралы шешім қабылданды. Жанкүйерлер билет сатып алып, байрақты бәсекені тағатсыздана күтіп отыр. Енді спортшылардың дайындығы қалай? Қалың жанкүйердің үмітін ақтай ала ма? Жалпы көшпенділер ойындарына қай елдер келеді?

Өзбекстан тұңғыш рет дүбірлі додаға ат қосады

Өзбекстан тұңғыш рет дүбірлі додаға ат қосады. Алашапанды ағайын ат кекілін түйіп Астанаға келді.

Тек ұшқыр бәйгеге машықтанған шабандоздар, аламан бәйгеде алғаш рет бақ сынайды.

Айта кетейік Өзбекстан құрамасы бәйгенің әр түріне 3 аттан қоса алады, ал Қазақ атбегілеріне 6 тұлпардан қосуға рұқсат. Айтулы бәсекеде құнан 11, топ 18, аламан бәйге 25 шақырымға созылады. Ал жорғалар 9 шақырымға жарысады. Сондай-ақ 1600, 2400, 3200 метр қашықтыққа арналған ұшқыр бәйге өтеді. Өзбекстан дүбірлі бәсекеге толық құрамда қатысуға ниетті.

Иброхим Олимжанов, шабандоз:

- Қазақстанға бүгін келдік. Дәстүрлі және ұшқыр бәйгеге Өзбекстаннан 8 ат келді. Мен 13 жасымнан бері ат үстіндемін. Қазір салмағым 40 келі. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аламанға шабамын. Қазақстанға алғаш келуім және қазақ жокейлерімен тұңғыш рет бәйгеге түсемін.

Мухитдин Суяров, атбегі:

- Көшпенділер ойындарына дайындығымыз жақсы. 3 ай қалғанда бізге шақыру жіберді. Содан бері тыңғылықты дайындыққа көштік. Мен өзім бапкермін, сондай-ақ ұшқыр бәйгеге шабамын. Біздің жақта ұшқыр бәйге жақсы дамыған, ал ұзақ шақырымды бәйгелерге бірінші рет ат қосқалы отырмыз.

Ж. Бекмұсаев: Аударыспақтан 4 алтын аламыз

Татарстанда өткен әлем чемпионатында 6 алтынның 4-ін алдық. Көшпенділер ойындарында да бұл жетістікті қайталаймыз.

Аударыспақтан ұлттық құраманың бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев осылай деді. Қазір ат үстіндегі күрес шеберлері Астанада қорытынды оқу жаттығу жиындарын өткізуде. Құрыш білек, бекем белді 6 спортшы байрақты бәсекеге сақадай сай. Аттары да жараулы. Алаңға шығар сәтті тағатсыздана күтуде.

Айта кетейік ат үстіндегі додадан салмақ өлшеу және жеребе тарту 8-ші, іріктеу ойындары 9-шы, ал финалдық кезең 10 қыркүйек күні этноауыл кешенінде өтеді. Байрақты бәсекеге 11 елдің аударыспақ шеберлері қатысады.

Жанбатыр Бекмұсаев, аударыспақтан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Басты қарсыластарымыз – көршілес Қырғызстан мемлекеті және моңғолдар болады. Өзбектан да осал емес. Ол палуандармен осының алдында әлем чемпионатында кездестік Татарстанда. 6 алтынның төртеуін біздің жігіттер ұтып келген. Осы жолы енді міндеттеме бергенбіз 4 алтын деп, мүмкін одан да жоғары деңгейде өнер көрсетеді палуандарымыз.

Ермек Құралбай, аударыспақтан ұлттық құраманың мүшесі:

- Қазіргі таңда 60 келі салмақта өнер көрсетем. Бұған дейін 5 оқу жаттығу жиынын өткіздік. Сапалы дайындалдық. Дайындығымыз өте жақсы. Қазір Астанада оқу жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. 6 ай болды дайындалып жатқанымызға. Екі есе күш түседі. Бірінші орын алып, қазақ елің қуантуға дайынбыз.

С. Ерұланұлы кадеттер арасында әлем чемпионы атанды

Қазақстандық дзюдошы кадеттер арасында әлем чемпионы атанды.

Перудің Лима қаласында өткен біріншілікте 90 келіде белдескен Санжар Ерұланұлы финалда украиналық Лебид Дмитроны уақытынан бұрын жеңді.

Әлемдік рейтингте 5-орында тұрған отандасымыз жарысты екінші айналымнан бастады. Жалпы сайыс барысында төрт кездесу өткізіп, төртеуінде де қарсылас шақ келтірген жоқ.

Алғашқы белдесуде моңғолиялық Мунгун Учрал Ууганбаярды, одан кейін ширек финалда гүржі Гиорги Гелашвилиді жеңді. Ал жартылай финалдық белдесуде екінші украиналық Аркадии Смаиловтың жауырынын жерге тигізді.

Айта кетейік, бұл - жасөспірімдер арасында сынға түскен Санжар Ерұланұлының әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі. 17 жасар Санжар бұған дейін 2024 жылғы маусымда Қазақстан чемпионатын және Азия кубогін ұтқан, сондай-ақ Еуропа кубогінде күміс жүлдегер атанды.

Қазақстан боксшылары халықаралық турнирде 13 медаль иеленді

Ресейдің Чита қаласында бокстан жастар арасындағы Еуразия кубогы турнирі аяқталды.

Бұл Қазақстан құрамасы үшін қазан айында Черногорияда өтетін әлем чемпионатына дайындық кезеңі. Бірінші құраммен барған жастар командасы он үш жүлде еншіледі. 67 келіде Төрехан Сабырхан турнир жеңімпазы атанды. Ал 57 келіде сынға түскен Жансері Көшербаев пен 80 келідегі Мадияр Бексұлтанов финалда төрешілер шешімімен жергілікті боксшыларға жол беріп, күміс жүлдеге ие болды. Ал он спортшы қола жүлдегер атанды.

Естеріңізге сала кетейік, жастар құрамасының аға бапкері қызметін атқарған Қайрат Сәтжанов тамыз айында ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне тағайындалды. Қазіргі уақытта жастарды Бағдат Оңғарбеков жаттықтыруда.

Конференция лигасы: "Астана" "Челси" командасымен 12 желтоқсанда ойнайды

"Астана" "Челсимен" 12 желтоқсанда ойнайды. 2024/25 жылғы маусымдағы УЕФА Конференция лигасы топтық кезеңінің ойын кестесі белгілі болды.

Жеребе нәтижесі бойынша қазақстандық клубқа Англияның «Челси», Кипрдің АПОЭЛ және «Пафос», Португалияның «Витория», Уэльстің «Нью-Сейнтс» және Сербияның ТСЦ командалары қарсылас атанды.

Елордалық ұжым өз алаңында 3 қазанда – ТСЦ, 28 қарашада – «Витория», 12 желтоқсанда – «Челси» командаларын қабылдайды.

Ал 24 қазанда сырт алаңда – «Нью-Сейнтс», 7 қарашада – «Пафос», 19 желтоқсанда – АПОЭЛ клубтарымен кездеседі.

Айта кетейік «Астана» турнирді екінші іріктеу кезеңінен бастады, алғашқы айналымда Молдованың «Милсами» клубын қапы қалдырды, одан кейін Румынияның «Корвинул» командасынан басым түссе, ал плей-офф сатысында Норвегияның «Бранн» клубын тізе бүктірді.

Әлішер Әли, 24.KZ