Көшпенділер ойындарында жануарлардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлінген

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсететін жүйріктердің қауіпсіздігіне баса көңіл бөлінген, деп хабарлайды 24kz.

Арнайы медициналық штаб құрылып, әр алаңда мамандар кезекшілік жасайды. Ал жарақат алған жануарлар дереу тексерістен өтіп, көмек көрсетіледі. Сол үшін зертхана мен ветеринарлық емхана заманауи құралдармен жабдықталған. Арна тілшісі Серік Селеубайұлы «Арғымақ» спорт кешеніне барып, мамандардың дайындығын көріп келді.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 560 қылқұйрық қатысады деп жоспарланған. Жарыс алдында олардың денсаулығы мен құжаттары мұқият тексеріледі. Сол үшін арнайы аспаптар алынып, зертханалар заманауи технологиямен жабдықталған. Яғни, аламанға тек аурудан ада, сенімді аттар ғана қатысады деген сөз.

Жылқылардың 114-і ұлттық құрамаға тиесілі. Тағы 300-і шетелдік қатысушыларға жалға беріледі. Ал 146 тұлпарды қонақтар алып келген. Олардың барлығы қораға кіргізер алдында бірнеше сатыдан тұратын тексерістен өтеді.

Рүстем Қауымбай, мал дәрігері:

- Анықтамада барлық құжаттама жазылып тұрады. Қай уақытта вакцина алынды, қай уақытта ауруларға тексеріс жұмыстары жүргізілді. Ал егер шетелден болатын болса, олардың сертификаты болады. Сол сертификат арқылы барлығын қадағалаймыз. Қазіргі уақытта 350 шақты ат кіргізілді барлығы. Оның төртеуі қайтадан қайтарылғаны бар. Документациясы дұрыс болмаған себебі. Біреуінде клинический осмотр бойынша жарақаттары өте көп болды. Іріңді жарақаттар. Сондықтан кері қайтарылды олар.

Ал қалған жылқылар «Арғымақ» ат спорты кешенінде және «Қазанат» ипподромындағы атқораларға жіберіледі. Мұнда 512 тұлпар еркін сыяды. Барлық орындар ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай болуына мән берілген.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Сайыс кезінде жарақат алған жылқылар осындай қораларда тұрады. Мұнда жемі мен суы, шөбі бәрі бар. Егер ол малдан жұқпалы дерт анықталатын болса, ол дереу оқшаулануы керек. Сол үшін осындай жеке қоралар жасақталған.

Ал, атшабар аумағындағы зертханада ауыр жараланған жануарларға көмек көрсетеді. Мұнда 5 кәсіби маман жұмыс істейді. Кез-келген дерттің дауасын табу үшін заманауи аппараттар алынған.

Мейрамбек Кәкімов, мал дәрігері:

- Бұл аппараттар, бұл құрылғылар арқылы көптеген ауруларды анықтап, оны дер уақытында емдеуге, алдын алуға және ол ауруды болдырмауға анықтап, осындай қызметтер атқарады. Мысалы Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және басқа жерден келіп жатқан аттар бар көп. Көкпар ойынына, бәйге ойынына қатысуға келген. Олардың сұрауы бойынша біз қызметтерді көрсете бастадық.

Жалпы арнайы құрылған медициналық штабта 150 маман бар. Оның ішінде 25 ветеринар жарыс алаңында қызмет етеді.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Мадияр Қындыбаев