Жамбы ату: бүгінгі жарыс түркі стилінде өтеді

Көшпенділер ойындарында күніге өтетін, негізгі бәсекелердің бірі – жамбы ату.

Жүйрік тақымдаған мергендер шауып келе жатып нысананы дәл көздеуге тиіс.

Олар 4 стиль бойынша сайысқа түсіп жатыр. Яғни азия, түркі, мажар және қазақ стилдерінде өнер көрсетеді. Бұған дейін мажар және азия стилдеріндегі бәсекелер өтті. Бүгін сайыскерлер түркі стилінде қолмергендігін көрсетеді. Осы көшпеніділер ойынына шетелден келген спортшылар да жүлдеден үмітті.

Жетро Синараво, Зимбабве командасының мүшесі:
- Қазақстанға келгеніме, осындай ауқымды жарысқа қатысып жатқаныма қуаныштымын. Мен үшін бастысы жеңіс емес. Бұл жолы тәжірибе жинап, келесі ойындарда жүлде алуға тырысамын. Біздің елдердің арасында үлкен айырмашылық бар екені белгілі. Қазақ спортшыларынан үйренетін дүние көп екен. Осы жерде көргенімді еліме барған соң айтып беремін.

Роберт Борстерс, Канада командасының мүшесі:
- Алты жыл бұрын Қырғызстанда өткен көшпенділер ойындарына қатысқан едім. Сол кезде Қазақстан командасының құрамында өнер көрсеткен жігіттермен Астанада қайта қауыштым. Ол шақта бәрі жап-жас, бозбала еді. Қазір нағыз палуандарға айналыпты. Осыған қарап-ақ жарыстағы ең көп жүлдені Қазақстан командасы иеленетініне сенімдімін.