Алматы облысында стенд атудан Азия кубогы өтіп жатыр

Азия үздіктері Алматы облысына жиналды. Александр Асанов атындағы спорттық ату алаңында стенд атудан Азия кубогы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Бұл - сұрмергендер үшін Париж Олимпиадасынан кейінгі ең ірі байрақты бәсеке. Оған 14 елден 200-ден аса спортшы қатысуда. Алғашқы жарыс күндері трап бағыты бойынша медальдер сарапқа салынды. Нәтижесінде ерлер арасында қазақстандық Әлішер Айсалбаев күміс, ал әйелдер арасында Айжан Досмағамбетова қола жүлдеге ие болды.

Бұған қоса, жасөспірімдер арасында ұлттық құрама сапындағы Никита Моисеев ең үздік нәтиже тіркеп, жарыс жеңімпазы атанды. Командалық сындағы көрсеткіштеріміз де жақсы. Қазақстандық спортшылар ерлер арасында екінші, ал әйелдер арасында үшінші орынға тұрақтады. Енді алда стенд атудың басқа бағыттары бойынша да жарыстар өтеді. Құрлықтық дода 10 күнге созылады және оның жалпы қорытындысы 30 қыркүйекте белгілі болады.