Қазақстан – Португалия: футзалшыларымыз дайындықты пысықтады. LIVE

Өзбекстанда өтіп жатқан футзалдан әлем чемпионаты бел ортасына таяды.

6 топқа бөлініп сайысқан 24 команда ішінен үздік 16-сы анықталып отыр. Соның ішінде Қазақстан құрамасы да бар.

Біздің жігіттер ертең азулы Португалиямен шеберлік байқасады. Бұл ойын Әндіжан қаласында өтпек.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қазақстан – Португалия матчы 1/8 финалдың 6-шы жұбы саналады. Екі команданың бір-біріне қарсылас атануы мүмкін екені топтық кезең жеребесі тартылған сәттен белгілі болған. FIFA тарапынан аталған ойын тартысқа толы өтеді деп болжанған. Қазір қазақстандық футзалшылар Әндіжанға жетіп, өзіне жақсы таныс спорт кешенінде алғашқы жаттығуын өткізді. Біздің құраманың топтық кезеңдегі 2 матчы осы қалада өткен еді. Сол жерде 4 ұпай еншілеп, Ташкентке табан тіреген едік. Бұл жерде Қазақстан қоржыны тағы 3 ұпаймен толығып, топта Испаниямен тең түстік. Енді жарыстың нағыз қызған шағы басталды деуге болады. Плей-офф сындары көпшілік күткендей нәтижемен аяқтала бермейді. Мұнда ойын мәнері, тактика, жылдамдық – бәрі басқаша. Күні бұрын Нидерланд – Украина, Бразилия – Коста-Рика жұптары ойындарын өткізіп үлгерді. Соның нәтижесінде ширек финалға Украина мен Бразилия құрамалары өтті. Бүгін, ертең және одан кейінгі күні тағы 6 команда іріктелуге тиіс. Енді қазақстандық футзалшыларға келсек, барлығы сақадай сай. Жаттығу кезінде Дәурен Тұрсағұлов пен Біржан Оразовты алаңнан байқадық. Игита мен Дуглас та қатарда. Әттеген-айы тек қызыл қағаздың салдарынан ортада ойынды өрбітетін қабілеті жоғары Лео португалдықтармен текетіреске қатыса алмайды.

Жалпы Португалия – сыралғы қарсылас. Қазақстан құрамасы олармен 3 жыл бұрынғы мундиальда жартылай финалда жолығып, тек пенальти сериясында жеңіліп қалған.

Пауло Рикардо Кака, Қазақстан футзал құрамасының бас бапкері:

- Португалияға сол жылғы бәсекеде есе жібергеніміз жігіттерге қосымша жігер беруі мүмкін. Оны ойлап, шамадан тыс бас қатыру да қажет емес. Зияны болуы мүмкін. Бастысы біз 1/8 финалдан келесі кезеңге өтуіміз керек. Португалияның қыр-сырын білеміз. 3 жыл бұрынғы матч өте тартысты болды. Бұл жолы дұрыс тактикамен жұмыс істеп, жеңіске жетуге тырысамыз.

Дәурен Тұрсағұлов, Қазақстан футзал құрамасының ойыншысы:

- Оларда қатты өзгеріс болған жоқ. 1-2 адам жаңадан қосылған. Ойыны сол қалпы. Әлем чемпионатын сырттай қарап отырған қиын. Сағындым. Бұйырса, бар өнерімді көрсетем деген ойдамын.