Қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионы атанды

Шорт-тректен Қазақстан чемпионаты басталады.

Біріншлік 1-5 қазан аралығында елордада ересектер арасында жеке қашықтық бойынша өтеді. Осы жолы елдің 10-нан астам өңірінен таңдаулы спортшылар сынға түседі

Бұл қатарда Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов сынды халықаралық деңгейде танылған отандастарымыз бар. Жарыс арқылы бапкерлер алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын ұлттық құраманы жасақтайды.

Футзал: ертең Қазақстан құрамасы Португалиямен ойнайды

Футзалдан әлем чемпионатының плей-офф сатысындағы ойындары басталады. Кеше ширек финалға жолдама үшін кездесулер Бразилия мен Коста-Рика, Нидерланд пен Украина құрамалары арасында өтті. Нәтижесінде Бразилия Украина келесі айналымға өтті. Ал бүгін плей-офф сатысының кезекті ойындары Испания мен Венесуэла, Парагвай мен Ауғанстан арасында өтеді. Ал біздің ұлттық құрама ертең әлем чемпионы Португалияға қарсы матч өткізеді. Қос команда арасындағы ойын Өзбекстанның Әндіжан қаласында өтеді. Екі мықты бұған дейін 2021 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында кездескен болатын. 3 жыл бұрын португалдар пенальти сериясында жеңіске жетті. Финалда олар Аргентинадан айласын асырып, әлем чемпионы атанғаны белгілі. «Енді есе қайтаратын кез келді», – дейді біздің жігіттер.  

 

Едіге Емберді әлем чемпионы атанды

Қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионы атанды. Испанияның Леон қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан жастар арасындағы әлем біріншілігінде 89 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Едіге Емберді қос сайыс қорытындысы бойынша 352 келіні көтерді. Ал 351 келіні еңсерген ирандық зілтемірші екінші орын алды. Үздік үштікті колумбия спортшысы түйіндеді.

Айта кетейік, Едіге 2022 жылы 17 жасқа дейінгі кіші жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын. Сол додада қазақстандық зілтемірші жұлқа көтеруде 134 келіні бағындырып, жалпы есепте топ бастады. Ал серпе көтеруде 172 келіні басынан асырды. Бұл әлемдік рекорд саналады.

 

Жиров жастармен жүздесті

Қазақ спортының қара шаңырағында танымал спортшылардың студенттермен жүздесуі дәстүрге айналған. Бұл жолы қазақтың спорт және туризм академиясы атақты боксшы Василий Жировқа есігін айқара ашты. Балқаштың барысы биік белестерді бағындыру жолында талай кедергілер мен қиындықтарға тап болғанын, тек ерен еңбектің арқасында бәрін еңсере білгенін асықпай отырып баяндап берді. Сондай-ақ спорттан кейінгі өмірі мен алдағы жоспарларын да жайып салды. Жировтың әңгімесін құлақ сала тыңдаған студент жастар бұл кездесуден үлкен әсер алғандарын жасыра алған жоқ. «Елге белгілі спортшыларды шақырудағы біздің мақсатымыз да – осы. Болашақта шың басына шыққысы келетін жастарға ағалардың осындай ақылы ешқашан артық етпейді. Керегін түртіп алып, қажетіне жаратады. Сондықтан  біздер бұл игі дәстүрді жалғастыра береміз», – деді академия басшысы Қайрат Закирьянов. Кездесу соңында оқу-ордасының ұжымы келген қонаққа құрмет көрсетіп «Шыңғыс хан» медалімен марапаттады.

Василий Жиров, Атланта Олимпиадасының чемпионы:

- Иә, бүгінгі жастармен кездесу маған да ерекше әсер қалдырды. Дәл осы шаңырақтан талай Олимпиада чемпиондары түлеп ұшқанын жақсы білемін. Болашақта да мықтылар шығатынына сенімім мол. Мен енді Қазақстан боксының өсіп-өркендеуі үшін қызмет етсем деймін. Бірақ әлі нақты ұсыныстар бола қойған жоқ. Енді федерация басшыларымен жүздесемін. Мүмкін қандай да бір келісімге келеміз деп ойлаймын.

 

Барыс 7-ші рет жеңілді

Елордалық команда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын өз алаңында Мәскеудің «Динамо» командасына қарсы өткізді. Кездесудің 5-ші минутында ресейлік клубтан Никита Гусев есеп ашса, Джордан Уил 26-шы минутта есепті еселей түсті. Ал Барыс сапынан Әлихан Өмірбеков 28-ші минутта 1 шайбамен жауап қайырды. Ал ойынның 43-ші минутында Никита Гусев тағы бір мәрте көзге түсті. Осылайша, «Барыс» қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберіп, сәтсіздік сериясын жалғастырды. Енді қазақстандық команда бұдан кейінгі 3 ойынын елордада өткізеді. Алдымен 26 қыркүйекте Ресейдің «Сочи» клубымен ойнаса, одан кейін 28 қыркүйекте «Витязь», 30 қыркүйекте «Торпедо» командаларымен кездеседі.