Қазақстан – Аргентина матчына билеттердің 90%-ы сатылып кеткен
Бүгін Ташкентте футзалдан Қазақстан және Аргентина құрамалары кездеседі, деп хабарлайды 24kz.
Әлем чемпионатының ширек финалы аясындағы ойын 12500 адам сыятын «Хумо Арена» спорт кешенінде өтеді. Маңызды матч жанкүйерлер назарын аударып отыр. Бүгін қазақстандықтар аренаны көк-сары түске бояп, жеңісті жақындатуға атсалыспақ.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Әлем чемпионаты барысында Испаниямен бір топта иық тіресіп, Португалияны жарыс жолынан шығарған Қазақстан құрамасының футзалшылары енді Оңтүстік Америка чемпиондарын да жеңуге ниетті. Бүгін 20.00-де басталатын матч билеттерінің 90%-дан астамы сатылған. Бұл – шамамен 11 мың адам Ташкенттегі матчты тамашалайды деген сөз. Дегенмен жан-жақтан ағылып келіп жатқан жанкүйер санында шек жоқ. Кешке дейін билеттер түгел сатылып, спорт кешені лық толады деген болжам бар. Сондықтан «Хумо Арена» маңында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Өзбекстан ұлттық гвардия сарбаздары мен полицейлер тәртіптің сақталуын қырағы қадағалауға көшкен. Көрші елде дүбірлі доданың өтуі қазақ пен өзбек арасында барыс-келісті жиілетіп қана қоймай, достық һәм бауырластық байланысымызды нығайта түсті деуге болады. Футзалшыларымыздың бағы мен бабының қатар шабуын тілеген қазақстандық спорт сүйер қауымға Өзбекстанның фан клубтары да қосылды. Әндіжанда өткен матчтарда жергілікті жұрт Қазақстанның жеңісіне бірге қуанды. Әлі де олар құрамамызға жанкүйерлік етпек. Бұл – өзбек халқының елімізге деген құрметін, ниетін білдірсе керек. Жалпы осы әлем чемпионаты қос мемлекетке де құт әкелуге тиіс. Себебі мұндай деңгейдегі аламан Орталық Азияда алғаш рет өтіп отыр. Оған Қазақстанмен қатар Өзбекстан мен Тәжікстан футзалшылары қатысты. Өзбекстандық аяқдопшылар жарысты ерте аяқтағанымен, Ташкент, Бұқара, Әндіжан сынды қалалар әлемге туристік жаңа қырынан танылып жатыр. Енді Аргентина құрамасына келсек, бұл елден де біршама жанкүйерді байқадық. Аргентиналық футзалшылар 2016 жылғы әлем чемпионы саналады. Әрі 2021 жылы өткен жарыста күмісті қанжылаған. Олар осы ойында да бар шеберлігін көрсетіп, жартылай финалға шығуға талпынады. Ал біз өз құрамамызды қолдауды жалғастырамыз.