Қазақстандық жас семсерлесушілер Тбилисиде табысты өнер көрсетті

Шымкенттік жас семсерлесушілер Грузияда өткен халықаралық сайыста көзге түсті, деп хабарлайды 24KZ. Үлкен деңгейдегі додаға алғаш рет барса да, біздің өрендер жоғары нәтиже көрсетіп, табысқа кенелді.

Тбилисидегі халықаралық U-14 іріктеу сайысына Еуропа мен Азиядан 8 елдің өрендері қатысты. Осылайша, олар 2025 жылғы Еуропа чемпионатының алдында шеберлік сынасқан.

Мераб Базадзе, Грузияның семсерлесу федерациясының президенті:

- Бұл – цикл. Еуропалық конфедерация жыл бойы осындай 8 турнир өткізеді. Бұл – интеллектуалды спорт түрі. Онымен айналысқан бала жылдам, епті және тез шешім қабылдауға қабілетті болады.

Турнирге Қазақстаннан 8 шымкенттік семсерлесуші барды. Құрама бапкері балалар үшін: «Бұл – осындай деңгейдегі алғашқы жарыс, сондықтан басты міндет – басқа елден келген бәсекелестермен тәжірибе алмасу», – дейді.

Юрий Селфедорев, семсерлесу бойынша шымкент құрамасының бапкері:

- Бұл – біздің жастар құрамасы үшін жақсы тәжірибе. Біріншіден, балалар алысқа сапар шегіп үйренеді. Дайындықты күшейтеді. Өз күшімізді, балалардың қарым-қабілетін тексеру үшін келдік.

Қазақстандық семсерлесушілер жақсы нәтиже көрсетті. Жарыстың бірінші күнінде қыздар арасында Інжу Сатымбек германиялық қарсыласына сәл есе жіберіп, екінші орынды жеңіп алған. Інжудің жетістікке жетуі тегін емес: оның ата-анасы – семсерлесуден жаттықтырушылар.

Інжу Сатымбек, семсерлесуші:

- Жасым 12-де. Бұл спортпен 6 жасымнан айналысамын. Семсерлесудің мен үшін мәні зор. Туғандарым, достарым – бәрі осы салада.

Екінші күні 13 жастағы Әбдіраман Нұрхан ұлдар арасында үшінші орынға табан тіреді.

Авторлары: Ернат Рахметолла, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили.