Астанада пара дзюдодан әлемдік гран-при мәресіне жетті
Жалпы есепте бірінші орындамыз. Астанада пара дзюдодан әлемдік гран-при мәресіне жетті, деп хабарлайды 24kz.
Байрақты бәсекеге 15 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы жиналған болатын. Олар 2 күн бойы 18 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде жалпы командалық есепте қазақстандық қыз-жігіттер топ бастады. Ұлттық құама қоржынында 6 алтын, 4 күміс және 5 қола бар. Атап айтқанда, J1 санатында Динара Кұтжолова, Абылай Әділбеков және Ерлан Өтепов қарсылас шақ келтірмеді. Ал, J2 санатында Ерлан Конкиев, Жұқамырза Шүкірбеков және әйелдер арасында Айдана Ғазизқызы гран-при жеңімпазы атанды.
Айта кету керек, бұл бәсекедегі ұпайлар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін паралимпиаданың жолдамасына әсер етеді. Астанадағы әлемдік аламанның тағы бір ерекшелігі пара дзюдодағы жаңа салмақтар бойынша бәсекелер өтіп, өзіндік сынақ болды.
Михаил Шайдоров әлемдік гран-придің күміс жүлдегері
Қазақстандық шорт-трек шеберлері Италияның Бормио қаласында өткен халықаралық турнирде үш медаль жеңіп алды.
Нұртілек Қажығали мың метрлік жарыста жеңімпаз атанды. 500 метр қашықтықта Валерий Клименко күміс, ал ерлер командасы қола жүлде еншіледі.
Аслан Қаженов, тілші:
- Денис Теннің ізбасары өсіп келеді. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа мамандар осындай баға беріп жатыр. Жерлесіміз Қытайдың Чунцин қаласында өткен әлемдік гран-приде күміс жүлдеге ие болды. Ол қысқа бағдарламада 93.21, ал еркін бағдарламада 182.96 ұпай жинады. Қос жаттығу қорытындысы бойынша 276 ұпаймен екінші орынға табан тіреді.
Айта кету керек, Михаил еркін бағдарламада үш аксель және төрт тулуп секірді. Бұндай элемент біздің спортшының бағдарламасында ғана болды. Сонымен жарыстың жалпы қорытындысы жайында айтар болсақ, 15 елден 60 спортшы бақ сынаған бәсекеде Жапониялық Шун Сато жеңіске жетті. Екінші орында қазақстандық Михаил Шайдоров болса, үздік үштікті француз спортшысы түйіндеді. Былтыр ұлттық құрама көшбасшысы Михаил Шайдоров дәл осы жарыстың қола жүлдегері атанған болатын.
«Барыс» қолда тұрған жеңістен айырылып қалды
«Барыс» есе жіберді. Десе де, бір ұпайға қол жеткізді. Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін астаналық «Барыс» өз алаңында Омбы қаласының «Авангард» командасын қабылдаған еді. Негізгі ойын уақыты тең аяқталды. Бірінші кезеңде «Барыс» сапындағы Иван Николишин мергендігімен көзге түсті. Екінші кезеңде командаласы Әділ Бекетаев есепті еселеді. Өкініштісі сол, алаң иелері бұл басымдықты матч соңына дейін сақтай алмады. Омбылықтар үшінші кезеңде қатарынан екі гол соғып, есепті теңестірді. Екі шайба да Прохоркиннің еншісінде. Ал, қосымша уақытта, яғни, овертаймда «Авангрдтың» жолы болды. «Барыс» 30 матчтан кейін 21 ұпаймен Шығыс Конференциясының 11-сатысында тұр. Ғалым Мәмбеталиев баптайтын жігіттер енді 27 қараша күні сырт алаңда Нововсібір қаласының «Сібір» хоккей клубымен жолығады.
Басқарма басшыларын тағайындау тәртібі өзгерді
Сәпиев Қарағанды облысының, ал, Имашев Павлодар облысының спорт басқармасына жетекшілік етеді. Елде спорт саласына жауапты мамандарды тағайындау тәртібі өзгерді. Яғни, бұдан былай басқарма басшыларын бұрынғыдай әкімдер тікелей емес, арнайы комиссия келісімімен ғана қоя алады. Комиссия жұмысын Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов басқарады. Ол жерде үміткерлерді нақты талаптар бойынша бағалайды. Әсіресе, саладағы тәжірибесі мен арнайы жоспарының болуы, сондай-ақ спорт ғылымының негізі мен менеджментін меңгергені ескеріледі. Сонымен комиссияның кезекті отырысында Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің, ал Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашевтың кандидатурасы ұсынылып, комиссия мүшелері келісімін берді. Енді басқа аймақтар бойынша да осындай тәртіппен жаңа басшылар тағайындалады.