«Е-Sport» цифрлық платформасы іске қосылады
Қазақстанда «Е-Sport» дене шынықтыру және спорт цифрлық платформасы іске қосылады, деп хабарлайды 24KZ. Оған спортшы, жаттықтырушы, төрешінің төлқұжаты, жарыстың электронды хаттамасы мен спорт нысандарын басқару мәліметтері енгізіледі. Бұл туралы Петропавлда Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың қатысуымен өткен жиында айтылды.
Кездесуде жергілікті сала мамандары балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің базалық-техникалық жағдайын нығайту, жаттықтырушылардың айлығын көтеру секілді өзекті сұрақтар көтерді. Бұл ретте еліміздегі спорт мекемелері жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне ауыспақ. Енді ол бір адамға 415 мың теңге болады.
Бақыт Арықбаев, балалар және жасөспірімдер мектебінің директоры:
- Бұл арқылы мектептердің материалдық базасы жақсарады. Спорттық құрал-жабдықтар сатып алынады. Спортшылар оқу-жаттығу жиындарына жиі шыға алады. Бір сөзбен айтқанда, дайындыққа оң әсер етеді.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Осы жан басына шаққандағы норматив аясында тренерлердің еңбекақысын көтеру, балалардың шұғылданатын инвертарьларын үлкейту және олардың әртүрлі жарысқа бару мүмкіндігін кеңейту мәселесі жөнінде, соны осы жан басына шаққандағы норматив аясында шешу мәселесін қарастырдық.