Қазақ палуандар корей күресі бойынша әлем чемпионатына қатысты
Қазақстан құрамасы корей күресінен әлем чемпионатына қатысты. Оңтүстік Чолла провинциясында өткен турнирге 10 елдің спортшылары жиналды. Олар 140 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесті. Ел намысын қазақ күресінің чемпиондары Қайсар Шамшидин мен Алтынбек Аусағитов қорғады. Қайсар қарсыласын екі белдесуде жеңіп, үшінші кездесуде испаниялық Рауль Менсеге есе жіберді.
Корей күресінің алғашқы халықаралық чемпионаты 2011 жылы өткен. Корей күресінің ерекшелігі, спортшылар құмда сырт киімсіз белдеседі. Біздің құрама бұл жарысқа төртінші рет қатысып отыр. Биылғы турнирде қазақстандық палуандар жергілікті тұрғындарды қазақ күресі ережелерімен таныстырды.
Қайсар Шамшидин, турнирге қатысушы:
- Енді бірінші рет күрескен соң сәл ыңғайсыздау. Ережесін дүрыс білмейміз әлі, қалай күресу керек, қалай не істеу керек. Өзіміз қазақ күресімен күресеміз. Қазақ күресінде өзіміздің матрасымыз бар ғой. Олар құмның үстінде күреседі. Кішкене болмады енді.
Чан Рэ Хван, ссирым күресінен қазақстан құрамасының бапкері:
- Қазақстандық спортшылармен екі күн ғана дайындалдық. Сондықтан олар жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын. Қазақ күресі ссирымнен мүлдем өзгеше. Мен өзім Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқанда қазақ күресі бойынша турнирде техника жетіспеушілігінен біраз қиын болған еді.