Астанада балаларға арналған инклюзивті спорт фестивалі өтіп жатыр

Шараның басты мақсаты – инклюзивті спорттық жарыстар арқылы ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың құрдастары арасында өзара сыйластық пен сенімді нығайту, деп хабарлайды 24kz.

Бағдарламаға бочча, эстафета жарыстары мен жүгіру бойынша сайыстар енгізілген. Фестивальге барлығы 200-ге жуық бала қатысуда.

 

Лоу-кик шеберлері тәжікстанға барады

Осыдан екі ай бұрын Астанада Лоу-кик федерациясы құрылды. Лоу-кик сөзін жанкүйерлер жақсы біледі. Аяқпен тебу. Бұл соққы жекпе-жек спорт түрлерінің көбінде кездеседі. Атап айтсақ, кикбокс, ушу-саньда, таэквондо, каратэ, муай-тай секілді спорт түрлерінде қолданылатын әдістердің бірі. Қазіргі таңда балтаяқты жігіттердің жарысы бөлек өтіп жүр. Тіпті Испанияда халықаралық Лоу-кик федерациясы құрылып оған 20-дан аса мемлекет мүше атанған. Елордада Лоу-киктен екі рет республикалық деңгейде жарыс ұйымдастырылды. Сол сында үздік шыққан Төлеген Давлутов пен Бекмұрат Оңғалов және Тимур Шамуратов пен Юрий Белянин секілді мықтылар енді 15 желтоқсанда Тәжікстанда өтетін халықаралық жарыста ел намысын қорғайды. Федерация тізгінін ұстаған Өмірбек Әльмағжанов Лоу-кикті дамыту үшін алдағы жылдары үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын айтады.

 

Гандбол: Қазақстан Азия чемпионатын жеңіспен бастады

Қазақстан Азия чемпионатын жеңіспен бастады. Гандболдан Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан сары құрлық бәсекесінде еліміздің әйелдер құрамасы Азия чемпионатының қола жүлдегері Қытайды қап қалдырды. Матч 28:26 есебімен аяқталды. Осылайша, Қазақстан құрамасы 5 жылдан кейін басты қарсыластарының бірінен айласын асырды. Енді Ұлттық құрама бүгін Азия чемпионы Оңтүстік Кореямен кездеседі.

 

Бүгін «Барыс» «Спартакпен» кездеседі

«Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Спартак» командасына қарсы өткізеді. Ойын 19:20 да басталады. Екі команда бұған дейін 32 мәрте кездескен. Оның 14-i елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында ресейлік команда жеңіске жеткен. Кейінгі бес кездесудің төртеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберген.

Айта кетейік, елордалық клуб бұдан кейінгі бес ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 6 желтоқсанда Ресейде «Северсталь», 8 желтоқсанда СКА командасымен кездессе, одан кейін 17 желтоқсанда «Динамо», 19 желтоқсанда қытайлық «Куньлунь Ред Стар», 21 желтоқсанда «Трактор» клубтарымен шеберлік байқасады.

 

Футзалдан Қазақстан кубогының жеребесі тартылды

Футзалдан Қазақстан кублгының жеребесі тартылды. Жеребе қорытындысы бойынша 16 команда 4 топқа бөлінді. А тобында «Семей», «Тұлпар», Тэч-14, «Бәйтерек» командалары өзара мықтыны анықтайды. В тобында «Жетісу-Ордабасы», «Биосфера», «Аят» командалыры сынға түседі. С тобында, «Каспий», «Алатау», «БС строй», «Актобе» командалары ойнайды. Ал Д тобына «Қайрат», «Атырау», «Омега», «Алматы» командалары жайғасқан.

Айта кетейік, әр топтан 2 команда ширек финалға жолдама алады. 1/4 финалдық ойындар ақпан айында болады. Ал топтық кезең матчтары 21-24 желтоқсан аралығында Ақтау қаласында өтеді..

Авторлары: Мерей Қанапия, Әлішер Әли