«Астана-Челси» ойынының көрермендерін тасымалдауға автобус бөлінеді

«Астана-Челси» ойынының көрермендерін тасымалдауға тегін автобус бөлінеді, деп хабарлайды 24KZ. Алматы қаласы екі клуб арасындағы ойынға қызу дайындық үстінде. Бұл кездесуді жанкүейерлер де тағатсыздана күтіп жүр. Конференция лигасы аясындағы тарихи ойын 12 желтоқсанда Алматының Орталық стадионында өтеді. Елордалық футболшылар қазір дайындықтарын пысықтап жатыр. Ал қалалық Полиция департаменті сол күні күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді.

Елордалық «Астана» клубының ойыншылары бірнеше аптадан бері Алатаудың баурайында жаттығып жүр. 12 ұпайды еншілеген «Челси» Конференция лигасында көш бастап тұр. Біздің жігіттер де кездесуге тыянақты дайындалып жатыр.

Қайсар Бекенов, «Астана» ФК коммерция және РR директоры:

- Өзіңіз білесіз, чемпионат бізде қараша айының басында бітті. Сосын ұлттық құрама командасының ойындарында үзіліс болды. Одан кейін біз Лига кубогының финалына ойнадық. Сондықтан біздің бас бапкер және бапкерлер өздері біледі ғой, қалай салмақ жасау керек, қалай дайындық жасау керек. Сондықтан ойынға балалар дайын болатын шығар деген сенімдеміз.

«Астана» мен «Челси» ойынын көруге жерлестерімізден өзге алыс-жақын шетелден де жанкүйерлер келмекші. Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қытайдағы футбол сүйер қауым билет алып үлгерген. Билеттер 12 желтоқсанға дейін сатылады. Жанкүйерлер ойын тартысты болады деп болжап отыр.

Олжас Қайыржанов, Алматы қаласының тұрғыны:

- Әлі билет алғаным жоқ. «Челси» фаворит болып тұр енді, бірақ енді «Челси» өзінің мықты ойыншыларын алып келмейді. Палмер дегендей. «Астанада» мүмкіншілік бар ұтуға.

Максим Цхай, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мен Челсидің матчында бірнеше рет болдым. Бірақ сүйікті клубымның ойынын туған жерде Орталық стадионда көрудің әсері мүлдем басқа деп ойлаймын. Жақсы ойын болады деп үміттенемін. Астана үшін бұл ойын үлкен мүмкіндік әрі шеберлігін шыңдай алады.

Диас Нәсіпов, Алматы қаласының тұрғыны:

- Өз елімнің командасына жанкүйер боламын деген ойдамын. Үміт, әрине, әрқашан да болады. Өз еліміздің командасына сенеміз, ұтады деп ойлаймын, бұйыртса.

Ойынға қалалық полиция да дайындалып жатыр. Бейсенбіде кешкі сағат 6 жарымнан түнгі 12-ге дейін Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесі Байтұрсынұлы мен Мұқанов көшелерінің арасы жабылады. Жақын маңдағы көшелерде патрульдік полиция бекеттері қойылады. Стадион есігі 18:00-де ашылады. Кіреберісте жанкүйерлердің билеттегі аты-жөні тексеріліп, билеттің штрих-коды сканерленеді.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Қазіргі таңда қызмет атқару жүйесі күшейтіліп, 2000-ға жуық полиция қызметкері, 500 Ұлттық ұланның сарбазы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылды. Бірінші кезекте қоғамдық қауіпсіздік сол спорттық нысанның өзінде, сонымен қатар шекаралас көшелерінде ұйымдастырылады.

Қала әкімдігі көрермендердің Орталық стадионға емін-еркін келіп кетуі үшін 8 автобус маршрутын ұйымдастырады. Әр бағытқа 10 автобустан бөлінеді. Көлік кешкі сағат төрттен бастап қатынайды. Олар Қалқаман, Орбита, Айнабұлақ шағынауданынан, «Халық Арена», Алматы-1 вокзалынан жүреді. Сондай-ақ «Райымбек батыр» метрополитен бекеті, Наурызбай ауданының орталығынан және Момышұлы-Мөңке би көшелерінің қиылысынан адам тасымалдайды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев.