Sportarena.kz сайтының ашылғанына бір жыл толды

Спорт әлеміндегі жаңалықтарды жан-жақты қамтитын Sport-arena.kz сайтының ашылғанына бір жыл толды.

Сайт елдегі және жаһандағы жарыстардан жылдам ақпарат таратып қана қоймай сараптамалық материалдарды да жариялайды. Спорт төңірегіндегі түйткілді тақырыптарды назарда ұстайтын интернет басылым 10 миллионнан аса, қаралым жинаған.

Былтыр қазан айынан бастап оқырманға жол тартқан Sportarena.kz сайты бүгінде спорт саласында салмағы бар, тұрақты оқырманы қалыптасқан басылымға айналды. Сайт елімізде және әлемдегі әр түрлі жарыстардан жылдам хабар таратып отыр. Тікелей трансляциялар ұйымдастырады. Жанкүйерлерге жақын болу үшін әлеуметтік желілерде де белсенді.

Леонид Юрьев, Sportarena.kz сайтының бас редакторы:

- Біздің мақсатымыз – спортқа қатысты жаңалықты толық қамту. Жеңісті, жеңілісті, проблемаларды және спорттың айналасындағы ақпаратты да назарда ұстаймыз. Мысалы, Бахрейнде ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтті. Ол жерде Қазақстан тарапынан тек Sportarena.kz сайты ғана ақпарат таратты. Жақында Өскеменде волейболдан турнир өтті. Оны да біздің сайт жазып, ақпарат берді.

Sportarena.kz сайты танымал спорт түрлерін басқа жарыстарды да бөліп-жармай қамтуға тырысады. Осы ұстанымы көптің көңілінен шығып отыр. Бір жылда 10 миллионнан аса қаралым жинаған басылымның тұрақты оқырманы  2 миллионға жеткен.

Диас Амангелді, Sportarena.kz сайтының коммерциялық директоры:

- Былайша айтқанда, менің ойымша, статистикаға қарап айтсақ Sportarena бір енді үлкен сайт деп айтуға болады. Енді ол Google analytics статистикасы бойынша бәрі көре алады. Ең бастысы біз өзіміздің партнерларымызға, серіктестерімізге, достарымызға жарнама жағынан көп мүмкіндіктер береміз. Ол жарнама мақала дейді. Сондықтан біз жеке арнайы жобалар жасай аламыз.

Оқырманның талабын ескере отырып, әрбір ақпаратты қызықты әрі толымды жазатын Sportarena.kz сайты бір жылда үлкен жетістікке жетіп отыр. Ендігі мақсаты – басылымның ауқымын бұдан да кеңейту.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев