Ақмола облысында биыл үш спорт нысаны салынды

Ақмола облысында биыл 3 спорт нысаны салынды. Дене шынықтыру және сауықтыру кешендері Есіл мен Қосшы қаласында және Бурабай ауданына қарасты Мәдениет ауылында бой көтерді. Ал 29 нысанға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық жоба, мемлекеттік бағдарламалар аясында республикалық және облыстық бюджет есебінен жүзеге асты.

Есіл қаласындағы мына спорт кешені сәуір айында пайдалануға берілді. Заманауи нысанда оқушылардың жаттығуына барлық жағдай жасалған. Ал аудан орталығында мұндай кешен бұрын-сонды болмаған. Құрылыс жұмыстарына облыстық қазынадан 730 млн теңге бөлінді.

Талғат Ахметжанов, Есіл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

- Қазір біздің мектепте балалар 9 спорт түрімен айналысады. Яғни, жалпы айтсақ, 22 топ жұмыс істейді. Оған 440-қа жуық бала қатысады. Біз балғындарға толығымен тегін қызмет көрсетеміз.

«Шағын шаһарда спортқа бет бұрған оқушылар саны көбейіп келеді», – дейді мамандар. Әсіресе қазақша күрес, волейбол мен жүзу спортына сұраныс жоғары.

Рухия Мұсабаева, оқушы:

- Жүзудің пайдасы өте көп. Мен көзімнің нашар көруіне байланысты осы жүзумен айналысамын. Маған жүзу үйірмесі өте қатты ұнайды. Аптасына біз 3 рет келеміз және әрқашан түрлі қызықты жаттығулар жасаймыз.

Дәл осындай нысан елорда іргесіндегі Қосшы қаласы мен Мәдениет ауылында да бой көтерді. Бұл өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына оң ықпал етеді. Сондықтан құрылыс жұмыстары келесі жылы да жалғасады.

Игілік Оспанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі уақытта бізде Щучинск, Красный яр, Бестөбе, Қорғалжын, Жақсы және Бозайғыр ауылында спорт нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Қазір өңірде 1124 спорт кешені жұмыс істейді. Соның 622-і ауылдық жерде орналасқан. Жалпы былтырғы жылмен салыстырған биыл аймақтағы спорт нысандарының саны 17%-ке көбейді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный.