Үздік спортшылар марапатталды
Биыл Батыс Қазақстандық спортшылар құрлық біріншілігінде 35 мәрте топ жарса, әлем чемпионаттарында 23 алтын, 31 күміс, 19 қола медальді қоржынға салыпты. Кеше бабы мен бағы қатар шапқан үздік спортшыларды облыс әкімі Нариман Төреғалиев марапаттады.
Жыл басынан бері батысқазақстандық спортшылар әлем, Азия және ел біріншіліктерінде, халықаралық турнирлерде жалпы саны 1547 медальді жеңіп алыпты. Өңірде спортпен тұрақты айналысушылар саны 300 мыңға жеткен. Спорт нысандарының көптеп салынуы да саламатты өмір салтын серік қылғандардың саны артуына септігін тигізгені сөзсіз. Биыл барлық аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынса, енді ірі елді мекендерге де кезек келді. Келер жылы 10 ауылда осындай нысандар бой көтермек. Үздік спортшыларды марапаттаған өңір басшысы бұқаралық спортты дамыту басты назарда екенін атап өтті.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Мемлекет басшысы ұлт денсаулығын нығайту жолында бұқаралық спортты дамытуды және тұрғындарымыздың спортпен еркін шұғылдануына барынша жағдай жасау қажеттігін атап өткен болатын. Бүгінгі күні облыста спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 300 мыңға жуық адамды құрайды. Спортпен жүйелі айналысатын адамдар үлесін алдағы жылдары арттыру жолында тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
Биыл өңір спортшылары Азия чемпионаттарында 35 мәрте топ жарса, әлем чемпионаттарында 23 рет жеңіс тұғырының жоғары сатысынан табылған. Жыл қорытындысы бойынша байдарка мен каноэ есуден әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, Париж олимпиадасының қатысушысы Бровкова Мария үздік деп танылды.
Мария Бровкова, байдарка мен каноэ есуден азия чемпионы:
- Мен спортпен 10 жылдан бері айналысып келемін. Анам ескек есуден жаттықтырушы болғасын ба бала кезде спорттың осы түріне қызықтым. Сол кісінің арқасында осындай жетістіктерге жеттім. Биыл бірінші рет олимпиадаға қатыстым. Көп дайындалдым. Бірақ жолым болмады. Алдағы арманым олимпиада медалін жеңіп алу.
«Жыл серпілісі» номинациясы бойынша бокстан жастар арасында Әлем чемпионы Сейілхан Өнер марапатталса, биатлоннан ел біріншілігінің жеңімпазы Жанерке Тудахунова «Жыл үміті» деп танылды. Шорт-тректен Әлем чемпионатының және Әлем Кубогінің күміс жүлдегері Әжіғалиева Алинаның бапкері Максим Лозовой үздік жаттықтырушы аталымын жеңіп алды. Спорт федерациялары арасында бокс федерациясының нәтижелі жұмысы мойындалды. Волейболдан «Грация-КЗ» қыздар командасы «Үздік команда», Бөрлі ауданы «Спорттық аудан» аталымдарында дара шықты. Самбодан ересектер арасында аса ауыр салмақта Әлем чемпионы атанған Темірлан Көлбай жыл жаңалығы деп танылды.