Оралда көп бейінді спорт кешені пайдалануға берілді
Жаңа жыл қарсаңында Оралда көп бейінді спорт кешені пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салынған нысанда өскелең ұрпақтың спортпен жан-жақты айналысып, жоғары жетістіктерге жетуіне барлық жағдай жасалған. Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрайтын кешенде бір мезгілде 300-дей спортшы жаттыға алады.
10-ықшам аудандағы көпбейінді кешен жыл жарым уақытта салынып тапсырылды. Құрылысқа қажетті қаржы, яғни 20 млрд теңгені «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бөліпті. Кешеннің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаңа нысанның өңір спортын дамытуға сүбелі үлес қосарын атап өтті.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы облыс орталығына осындай үлкен спорт кешені керек екенін айтып, ол кісі осы спорт кешенін салуды тиісті органдарға тапсырма берген. Мұнда 17 спорт түрі бар. Бір ең бастысы айта кететін, қай спорт түрі болмасын барлығына қолайлы жағдай жасалған.
Жаңа кешенде 1200 орындық көрермен трибуна, бірнеше жеңіл атлетика залы, 25 метрлік бассейні бар. Бір мезгілде 400-ге жуық спортшы жаттыға алады. Батутты гимнастикадан әлем чемпионы 15 жастағы Ислам Қабдолов енді алаңсыз жаттығуға толық мүмкіндік бар екенін айтады.
Ислам Қабдолов, батутты гимнастикадан әлем чемпионы:
- Бізге жаңа зал беріп жатыр. Енді жақсы тренировка істеп, үлкен жетістікке жетеміз деп ойлаймын.
Бейбарыс Ізғали, жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионы:
- Виражы ұнады. Стандарт 200 метр. Одан бұрын 200 емес, 100, 85 метр болатын. Қазір тренировка жасауға жеңіл, жабдықтары жақсы. Стапель бар. Стапель бұрын болмады. Бірінші рет келіп жатыр.
Жаңа нысанда жас спортшылар волейбол, баскетбол, футзал, қол добы, бокс, грек-рим және еркін күрес, дзюдо, садақ ату, үстел теннисі, жүзу, шыңға өрмелеу сынды спорт түрлерімен айналыса алады.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов