Бокс. 2025 жылғы ең алғашқы халықаралық жарыс ақпанда болады

Бірер күннен кейін боксшыларымыз дайындыққа кіріседі.

Ұлттық құрама өкілдері 13-ші қаңтарда Түркістан облысына жиналып, жалпы физикалық әзірлікті пысықтамақ. Жаттығу жиыны 31-ші қазанға дейін жалғасады. Ал 2025 жылғы ең алғашқы халықаралық жарыс ақпан айының басында Болгарияда болады.

Әмір Омарханов әлемдік рейтингте көтерілді

Әмір Омарханов төртінші орында. Халықаралық теннис федерациясы соңғы жарыстарды саралап, жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингті жаңартты. Оған сәйкес қазақстандық Әмір Омарханов өз кәсіпқой мансабында алғаш рет алдыңғы бестікке кірді. Нақтырақ айтқанда, қазір ол 4-ші сатыда тұр. Айта кету керек, 17 жастағы қазақ баласы бірер ай бұрын Қытайда өткен ITF Juniors турнирінде топ жарған болатын. Ол финалда ұлыбританиялық Оливер Бондингті жеңді. Әмір осылайша ITF Juniors турнирлерінде 6-шы мәрте жеңіске жетіп отыр. Атап айтқанда, Таиландта, Кореяда, Мысырда, Грузияда және өзінің туған жері Қарағандыда өткен жарыстарда да жеңімпаз атанды. Жасөспірімдер арасындағы рейтингте тағы бір қазақстандық Заңғар Нұрланұлының да жағдайы жақсарған. Яғни, ол 36 саты жоғарылап, жалпы есепте 38-ші орынға жайғасты. Ал, Дамир Жалғасбай есімді жерлесіміз 84 сатыға көтеріліп, 112-ші орында тұрақтады.

139 спортшымыз Ақ Азиядаға қатысады

Тура бір айдан кейін Қытайдын Харбин және Ябули қалаларында жылдың басты бәсекесі Қысқы Азия ойындары басталады. Құрлықтық дода 7-ші және 14-ші ақпан аралығында ұйымдастырылмақ. Онда 11 спорт түрінен 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте алдыңғы бестікке кіреміз деп жоспарлап отыр. Бір қызығы Харбин қаласы бұған дейін 1996 жылы да осы Қысқы азия ойындардын қабылдады және Қазақстан құрамасы алғаш рет осы бәсекеге қатысқан болатын. Ұлттық құрама спортшылары содан бері  құрлықтық додаға тұрақты барып, бас-аяғы 78 алтын, 62 күміс және 52 қола жеңіп алған. Жалпы есепте үнемі алдыңғы бестіктен көрініп жүр. Биыл да аталмыш жетістікті қайталағысы келеді. Қазір жолдама алған спортшылар қызу дайындыққа кірісті.

Станислав Черчесов қызметінен кете ме?

Черчесов қызметінен кетпейді. Бұл жөнінде футболдан ұлттық құраманың бас бапкері ресейлік «Спорт экспресс» басылымына  берген сұхбатында мәлімдеді. «Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшысымен кездестім. 2024 жылғы ұлттық құрамасының нәтижелерін талқыладық. 2025 жылға жоспарымды баяндадым. Қарсыластарымыздың ерекшеліктеріне тоқталдық. Енді матчтарды қайта Астанада қабылдайтынымыз туралы сөйлестік. Әзірге Мәскеуге ораламын. Қаңтар айында демалыс. «Дегенмен федерация басшылығымен үнемі байланыста боламын», - деді ол. Бұған қоса, ол қызметінен кету-кетпеу туралы сұраққа да жауап берді.  «Отставка туралы БАҚ-та айтылды. Бірақ менің пікірімді ешкім сұраған жоқ. Бұл мәселе кездесу барысында мүлде талқыланған жоқ», - деді бапкер.