Қысқы Азия ойындары: ұлттық құраманың әлеуеті қандай?

Бірер аптадан кейін қысқы Азия ойындары басталады. Бұл ересек спортшылар арасындағы кешенді жарыс және алдағы Олимпиадаға негізгі дайындық. Лицензия алған спортшыларымыздың саны белгілі. 139. Олар қазір қызу дайындыққа кірісті.  

Иә, қысқы Азия ойындарын Қытайдың Харбин және Ябули қалалары қабылдайды. Жаттығу жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Қысқы Азия ойындарына дайындық

Азия Ойындарына тас-түйін дайынбыз. Бұл жөнінде спортқа жауапты министр Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Бірер аптадан кейін Қытайдың Харбин және Ябули қалаларында қысқы Азия ойындары басталады. Байрақты бәсекеге 140-қа жуық спортымыз қатысады. Ел намысын қорғайтын қыз-жігіттер қазір қызу дайындалып жатыр. Азия ойындарының ашылу салтанаты 7 ақпанға жоспарланған және онда көк туымызды ұстап шығатын спортшылар есімі жарияланды. Бұл құрмет хоккейден ұлттық құрама мүшесі Әділ Бекетаев пен шорт-тректен ұлттық құрама өкілі Ольга Тихоноваға бұйырды. Кешенді жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте алдыңғы бестікке кіруді көздеп отыр.

Бір қызығы, Харбин қаласы бұған дейін 1996 жылы да осы қысқы Азия ойындардын қабылдады және Қазақстан құрамасы алғаш рет аталмыш бәсекеге қатысқан болатын. Ұлттық құрама спортшылары содан бері құрлықтық додаға тұрақты барып, бас-аяғы 78 алтын, 62 күміс және 52 қола жеңіп алды. Әсіресе шаңғы, биатлон, шаңғымен бағдарлау, тау шаңғысы, фристайл, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, бенди және шаңғымен тұғырдан секіруден медаль алып жүрміз.

 

Шорт-тректен тарихи жетістік тіркей аламыз ба?

Біз қызығы, жоғарыдағы тізімде шорт-трек шеберлері жоқ. Яғни шорт-тректен бүгінге дейін Азия ойындарының бірде-бір алтынын жеңіп алмаппыз. Ал бұл бағыт біздің елде басқа қысқы спорттарға қарағанда өте жақсы дамыған. Байрақты бәсекелерде, оның ішінде әлем ченмпионаты болсын, Олимпиада ойындары болсын, негізгі үмітті осы спорт өкілдеріне артамыз. Мәдіғали Қарсыбеков баптайтын қыз-жігіттер биыл Азия ойындара топ жарып, тарихи нәтиже тіркеуді көздейді. Қазір ұлттық құрама Астана қаласында дайындықты пысықтап жатыр. Құрлықтық додада ел намысын қорғайтын команда ішкі біріншілікте іріктелді. Атап айтқанда, ерлер арасында Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов,  Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен және Глеб Ивченко жарыс алаңына шығады. Әйелдер арасында Ольга Тихонова, Яна Хан, Малика Ермек, Алина Әжғалиева, Мадина Жанбусинова және Зейнеп Құмарқан жүлдеге таласып көреді. Олардың шеберлігін шыңдау үшін Нидерландыдан арнайы маман шақыртылды. Тәжірибені толыстыру үшін қосалқы құрамды да осында алдыртып, бірлескен дайындық жүргізіп жатыр. Азия ойындардындағы бәсекелстік Олимпиададан кем болмайды. Өйткені бұнда басты қарсыластырымыз Корея, Қытай және Жапония құрамалары бар. «Десе де біздің қыз-жігіттер аянып қалмай, мұз алаңда барын да, жанын да салады», – дейді Мәдіғали Қарсыбеков.

Сонымен қысқы Азия ойындарына 139 спортшымыз қатысатынын айттық. Бұл салыстырмалы түрде тәуір көрсеткіш. Тәуелсіздік алған жылдардан бері 6 рет байрақты бәсекеге қатыстық. Ең алғашқы, яғни 1996 жылғы жарысқа 83 спортшымыз барды. Ал ең жоғары көрсеткіш өзіміздің елде өткен Азиядада тіркелді. 2011 жылы 169 спортшымыз бақ сынады. Жалпы есепте үнемі алдыңғы бестіктен көрініп жүрміз. Биыл да аталмыш жетістікті қайталау жоспарланып отыр.

Қазір Италияның Турин қаласында қысқы универсиада өтіп жатыр. Ол жақта да ұлттық құрама өкілдері өнер көрсетіп жатыр. Сол спортшылар Қытайдағы жарысқа да қатыса ма? Әлде Азиадаға бөлек, Универсиадаға бөлек құрама жасақталды ма? 

 

Азия ойындарының билеттері сатылымға шықты

Тағы бір айта кетерлігі, бірер күн бұрын қысқы Азия ойындарының билеттері сатылымға шықты. Ең қымбаты 800 юаньды, яғни 57 600 теңгені құрайды. Ал ең арзаны 120 юань, яғни 8600 теңге тұрады. Дәл қазір мұз үстінде өтетін бес спорт түрі бойынша, атап айтқанда, шайбалы хоккей, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және кёрлинг билеттері жанкүйерлерге қолжетімді. Бұған қоса бүгін қысқы Азия ойындары алауының эстафетасы басталды. Алауды жағу рәсімі Харбин қаласының «Күн аралы» ұлттық саябағында өтті. Салтанатты шарада алау эстафетасы және «цифрлық эстафета» ресми басталды деп жарияланды. «Цифрлық эстафетаға» әлемнің барлық елінен қатысуға болады. WeChat желісі арқылы кез келген адам электронды сертификат және арнайы сыйлық алуға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, Харбиндегі Азия ойындарының өзі 7 ақпанда басталып, 14 ақпанға дейін жалғасады.