Қысқы Универсиада: жалпы есепте 12-ші орындамыз
Қоржынымызға қос қола түсті. Италияның Турин қаласында студенттер арасындағы қысқы Универсиада жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні қазақстандық қыз-жігіттер жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтқанда, шорт-тректен аралас командалық эстафетада жерлестеріміз үздік үштікті түйіндеді. Ел намысын Алина Әжіғалиева, Валерий Клименко, Дінмұхамед Тәжібай, Малика Ермек сынды спортшыларымыз қорғаған болатын. Жарыс қорытындысы бойынша алтын кореялық, күміс қытайлық, ал қола қазақстандық командаға бұйырды.
Бұған қоса биатлоннан да қазақстандық Кирилл Бауэр қола жүлдегер атанды. Ол 15 шақырымдық масс стартқа қатысқан болатын. Кирилл нысана көздеуде 4 рет мүлт кетті және жалпы аралықты 43 минут 26.9 секундта жүріп өтті. Яғни, жарыс жеңімпазынан 33.8 секундқа ғана қалып қойды. Осылайша Кирилл ел қоржынына кезекті қола жүлдені салды. Бұл сында алтынды франциялық, күмісті швециялық спортшы жеңіп алды.
Жалпы есепте он екінші орындамыз
Сонымен ұлттық құрама спортшылары бас-аяғы 13 медаль жеңіп алды. Оның үшеуі алтын. Атап айтқанда, фристайл шебері Анастасия Городко 2 мәрте ең үздік нәтиже тіркеп, яғни фристайл могулда да, параллель могулда да ең үздік нәтиже тіркеп, дүниежүзілік доданың 2 дүркін чемпионы атанды. Ал биатлоннан ерлер арасында 10 шақырымдық бәсекеде қазақстандық Никита Акимов топ жарды. Бұған қоса 4 күміс және 6 қола жүлдеміз бар. Соның арқасында жалпы командалық есепте 12-ші сатыға жайғастық. Топ басында 18 алтын жеңіп алған Франция құрамасы тұр. Үздік үштікке Финляндия мен Германия кіреді. Турин қаласындағы байрақты бәсеке аяқталуы жақын. Яғни бүгін соңғы жарыс күні. Сәйкесінше турнир тізімінде айтарлықтай өзгеріс бола қоймауы мүмкін. Десе де спортшыларымыз кезекті рет жеңіс тұғырынан табылып, жанкүйерлерді қуантады деп үміттенеміз.
Қазақстан бокстан әлем кубогын қабылдайды
Бокстан әлем кубогын қабылдаймыз. Жаңадан құрылған World Boxing ұйымы 2025 жылдың жарыстар күнтізбесін жариялады. Оған сәйкес Қазақстан алдағы жазда, нақтырақ айтқанда, 30 маусым және 7 шілде аралығында әлем кубогының кезеңін қабылдайды. Бұндай бәсеке алғаш енгізіліп тұр. Яғни ерлер мен әйелдер арасындағы үздік боксшылардың басын қосып, бірнеше рет өзара мықтыны анықтайды. Қазақстаннан бөлек, Бразилия мен Үндістанда да осындай жарыстар өткізіледі және қараша айында қорытынды жарыс, яғни финалдық турнир ұйымдастырылады. Сол жерде бас жүлде де сарапқа салынады. Бұған қоса әлем чемпионаты өтетін мемлекет пен мерзім ресми жарияланды. Жылдың басты бәсекесін Ұлыбританияның Ливерпуль қаласы қабылдайтын болды. Ол 4-14 қыркүйек аралығанда өтеді деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Қазақстан World Boxing ұйымына былтыр қараша айында қосылды. Ал қазақстандық кәсіпқой боксшы әрі Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин World Boxing ұйымы арнайы комиссиясының төрағасы болып тағайындалды.
Н. Сәрсенғалиев: Спорт басшыларына талап күшейеді
20-30 жыл бойы басшылықта болып, жайлы орнын босатқысы келмейтіндер мәселесі заңмен реттеледі. Парламент қабырғасында дене шықытыру және спорт жөніндегі заң жобасы екінші оқылымға дайындалып жатыр. Жұмыс тобының кезекті отырысында жаңа нормалар енгізілді. Соның бірі осы спорт саласындағы ұйымдардың башыларына қатысты. Яғни ұзақ жылдар бойы бір орында тапжылмай отырып, саланың дамуын тұралатын тастайтын директорлар енді белгілі бір мерзімнен кейін қызметін ауыстыруға міндетті болады. Бұған қоса басшы таңдауда таныс-тамырлық пен жемқорлыққа жол бермеу тетіктері де жіті қолға алынып жатыр. Яғни ең бірінші кезекте маманың біліктілі мен тәжірибесі ескерілуі керек. Бұрмалаушылыққа жол бергендер заң алында жауап береді. Бастама жұмыс тобының өкілдері тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Енді жақын арада күшіне енуі керек.
Д. Қасқарауов: Ауыл спортын көтеру қажет
Легионерлерден үнемделген қаржыны ауыл спортына бағыттау қажет. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов мәлімдеді. Парламент қабырғасында қаралып жатқан құжатта, яғни дене шынықтыру және спорт жөніндегі заң жобасында шеттен келетін спортшылар мәселесіне ерекше мән берілген. Халық қалаулылары легионерлерге мемлекеттік бюджеттен бір теңге де бермеу туралы норманы енгізді. Жұмыс тобының өкілдері оны бірауыздан қолдады. Заң күшіне енгеннен кейін қазына қаржысына шетелден спортшы мүлде әкелінбейді. Оны тек шақырыушы тарап өзінің ақшасымен не демеуші көмегімен жүзеге асыра алады. «Ал үнемделген қаржы ауылдың әлеуетін жақсартуға, әсіресе спорттық нысандар салынып, білікті мамандарды тартуға жұмсалады», – дейді Данияр Қасқарауов.