Астанада балаларға арналған спорт фестивалі өтті

Астанада «Sana Sport Fest» атты фестиваль өтті, деп хабарлайды 24KZ. Оған бас шаһардан бөлек, Солтүстік Қазақстан, Қостанай мен Ақмола облыстарынан ерекше қажеттілігі бар 250 бала қатысты.

Мәре сызығын бірінші болып кесу. Сөреде тұрған балалардың сол сәттегі мақсаты осы. Дегенмен 50 метрлік жарыс жолағына шыққан балақайлар үшін бұл әдеттегі сайыс емес. Ата-анасы, мектебімен бірге спорттық мерекені атап өту үшін Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай өңірлерінен келгендер бар. Осылайша фестивальге тіркелген 250 балақай үстел теннисі, шоудаун, бестемше мен жүгіруден өзара жарысты.

Серік Әбдірахманов, фестивальге қатысушының әкесі:

- Біздің мектебімізді осы ұйымдастырушылар шақырған. Сол мектепте оқытушылар менің баламды таңдап алды.

Асылхан Сағымбай, фестивальге қатысушы:

- Бүгін қандай спорттық шараларға қатысасың? – Шоудаун дегеннен. – Оған қанша күн дайындалдыңыздар? – Екі күн дайындалдық. – Дайындық қалай? Көңіл күй қалай? –Жақсы. – Жеңеміз бе бүгін? –Иә.

Ерекше қажеттілігі бар балалардың қауіпсіздігі қашан да басты назарда. Сол себептен ұйымдастыру алқасы қатысушыларға әр сайыстың ережесін тәптіштеп түсіндіріп, волонтерлармен қайта-қайта пысықтап отырды.

Айта кету керек, қатысушылардың жол-пұлы мен ыстық ас-суын ұйымдастырушылар өз мойнына алған.

Нұрсұлтан Нөкеш, ұйымдастырушы:

- Оларға тамақтандыру осы жерде барлық жағдай жасалған. Тек бұл кісілерден біздің талап ететініміз, керегі – қатысу, осы жерде өзін еркін сезіну. Осындай спорт кешені салынған. Қазіргі жастарға өскелең ұрпаққа спортпен шұғылдану үшін, дене тәрбиесін дәріптеу үшін көптеген жағдайлар жасалып жатыр.

Спорттық фестивальдің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлық, медальдар мен грамоталар табысталды. Сондай-ақ жеңіске деген ұмтылысымен көзге түскен балалар естелік сыйлықтармен марапатталды.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Мұрат Әріпханов.