Шиеліде мереке қарсаңында әлеуметтік нысандар қолданысқа берілді
Конституция күні қарсаңында Қызылорда облысының Шиелі ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.
Сонымен қатар 72 отбасы жаңа пәтер кілттеріне ие болды. Айтулы шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
Жаңа спорт кешені Шиелі ауданының орталығында салынды. Мұнда шағын футбол, волейбол, баскетболға арналған зал бар. Ауыр атлетика және күреспен айналысуға барлық жағдай жасалған.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймағымызда спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Ел президентінің өткен жылды балалар жылы деп жариялауы негізінде демеушілер көмегімен аймағымызда құны 1 миллиард 600 миллион теңгеге 80 спорт, ойын алаңдары балаларға тарту етілді.
Сондай-ақ облыс әкімі үй кезегіндегі 72 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстады.
Алтыншаш Айтжан Шиелі кентінің тұрғыны:
- Үй кезегіне 2012 жылы тұрған едім. Жалғыз басты отбасы ретінде тіркелдім. Екі балам бар. Квартирада тұрған ешқашан жеңіл емес екенін бәріңіз де түсінесіздер ғой. Оңай болған жоқ. Өзіңнің үйіңе жетпейді ғой. Енді өзімнің үйіме кіріп жатырмын мен.
Айта кетейік, биыл өңірде 1924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев