Атырауда «Қашаған» кен алаңының келешегі талқыланды
Мұнай-газ өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Атырауда «Солтүстік Каспийдегі теңіз операцияларының басталғанына 30 жыл толуына» арналған халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шараға «Қашаған» кен алаңын игеруге еңбектері сіңген ардагер мұнайшылар, шетелдік компаниялар мен салаға қатысты министрліктердің өкілдері қатысты.
«Қашаған» мол мұнай-газ қорымен ерекшеленеді. Соңғы 7 жылда өндірістік толық қуатына жеткен кеніштен 92 миллион тоннадан астам мұнай, 56 миллиард текше метр және газ өндірілді.
«Қашаған» соңғы 40 жылда әлемде ашылған ең ірі кеніш саналады. Оның қойнауында 9-13 млрд баррель астам мұнай қоры бар деп болжанған. 1993 жылы осынау мол қазынаны игеруге отандық мұнайшлар шетелдік әріптестерімен бірлесіп тәуекел еткен еді. Бүгінде ол мол мұнай-газ қорымен бірге ең озық технологиялар шоғырланған дүниежүзілік жобалар қатарына еніп отыр.
Балтабек Қуандықов, Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті:
- Менің ойымша, бұл Қашаған тек қана өз өмірін бастап жатыр. Оның болашағы, бәрі алда. Қашағаннан біз әлі де талай-талай рекорд, талай-талай жақсы нәтижені көреміз. Біз әлі талай елден озып, осы мұнай шығарудан, экономиканың өсуінен талай жақсылықты еститін боламыз.
Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC компаниясы өндірістік операцияларын жүргізумен қатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар мен қайырымдылық бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындарына ауқымды әлеуметтік қолдау көрсетіп жатыр.
Оливье Лазар, NCOC компаниясының басқарушы директоры:
- 1998 жылдан бері Солтүстік Каспий жобасы 2 облыстағы 227 инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаға $860 миллионнан астам қаржы бөлді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына тікелей көмек көрсету бағдарламасы аясында 27 миллион АҚШ долларынан асатын 1 500 жобаны жүзеге асырдық.
Жақын болашақта «Қашаған» кен алаңынан жылына 1 млрд текше метр газ өндіру жоспарланып отыр. Ол елімздің көгілдір отынға деген сұранысын қамтамсыз ететін болады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Жандос Рахметуллин.