Ақтөбе облысында ауыл тұрғындарының өнімі саудаланып жатыр
Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, кәсіп бастағандар нарыққа өнімдерін шығара бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тек Мәртөк ауданының ет, сүт, көкөніс түрлері жергілікті жерден өзге, өңір орталығында да сатылып жатыр. Жеңілдетілген несиенің арқасында кәсіп ашқан шаруалар өнім өңдеуді де үйренген. Аймақ бойынша бұл мақсатқа бөлінген 6,5 млрд теңге игерілді.
Руслан Жанғазин соңғы 3 айдан бері сүт өңдеп, қаймақ-майын сатып жүр. Тұтынушылар қатары көбейіп, ауылдастарынан күніне 2 мезгіл сүт қабылдауға көшкен. Өнім әзірлейтін құрылғы мен сақтайтын мұздатқыш «Ауыл аманаты» жобасы аясында алынған.
Руслан Жанғазин, Кеңсахара ауылының тұрғыны:
- Май, қаймақ, сүзбе жасаймыз. Клиенттер бар. Қаланың ішінде, Мәртөктің ішінде, ауылдың ішінде де бар клиенттер. Иә, машинамен барып, үйге дейін өзім жеткізіп берем.
Жобаға қатысып, құс өсіруге бел буған Гүласыл Алматова да қазір тауықтың жұмыртқасын, үйрек-қаз етін саудаға шығарған. Өніміне сұраныс мол.
Гүласыл Алматова, Саржансай ауылының тұрғыны:
- Жұмыссыз болып отқан жоқпын, кәсібімді жүргізіп жатырмын. Отбасыма қосымша табыс болды, әрине. Жолдасыма да, өзіме де. Етін тапсырамыз күнделікті сойып, өнімі жақсы.
Мәртөк ауданы – «Ауыл аманаты» жобасын сапалы іске асыруда облыста көш бастап тұр. Аудандағы кәсіп бастағандардың өнімі бүгінде Ақтөбенің өзінде арнайы ашылған дүкенде сатылып жатыр. Күн сайын қала тұрғындары табиғи әрі таза өнімге қарық болып жүр. Жобаға сұраныстың артқаны соншалық, таяу уақытта облыс тағы 12 млрд теңгеден астам қаржы бағыттамақ.
Құсайын Сәрсембай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Қаржы түссе, мал шаруашылығын несиелеуге тағы да жалғастырамыз. Қазіргі күнде ол бойынша аудандарға тапсырма берілді. Жобаларды дайындап жатыр, өзінің кепіл-мүліктерін дайындап жатыр. Өтініш қазір берсе, ала береміз.
Бүгінде «Ауыл аманатының» рақатын өңірде 1 200 ақтөбелік көріп отыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.