Астана мен Жітіқара арасында теміржол қатынасы ашылды

Астана мен Қостанай облысындағы Жітіқара қаласының арасында теміржол жолаушылар қатынасы іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордаға аттанған алғашқы пойызды жергілікті тұрғындар салтанатты жағдайда шығарып салды. Еліміздің бас қаласымен тікелей жаңа бағыттың ашылуы шалғайдағы аудан халқы үшін әлеуметтік маңызы зор. 

Жітіқара станциясы негізінен жүк тасымалымен айналысатын теміржол желісіне жатады. Осы күнге дейін бұл бекетке тек бір қалааралық пойызы тоқтайтын.

Қуаныш Баймағамбетов, Жітіқара теміржол станциясының бастығы:

- Жітіқара станциясында 6 қабылдау-жөнелту, 4 сұрыптау теміржол желісі бар. Негізінен металл, асбест сияқты кен өнімдері тасымалымен айналысамыз. Енді Астана бағытында жолаушылар қатынасының іске қосылуымен бізде жаңа мүмкіндіктер пайда болады.

Бұл қатынастың ашылуына Жітіқара тұрғындарының өтініші себеп болды. Олардың ұсынысын аудан әкімі, мәслихат депутаттары қолдап, ақыры оң шешімін тапты. Енді іргедегі Қамысты, Денисов аудандарының тұрғындары үшін де елордамен барыс-келіс біршама жеңілдейді.

Бауыржан Қалиев, Жітіқара ауданының тұрғыны:

- Жұбайым Көкшетауға Тобыл станциясынан билет алмақ болған. Пойыз өзіміздің Жітіқарадан аттанатындығын білгенде қатты қуандық. Енді көлік іздеп, сабылып жүрмейміз. Әсіресе жол жүру қыс мезгілі қиын еді.

Нұржан Тоқаев, жолсерік:

- Жітіқара қаласында сұрауы бойынша ашылған пойыз болғаннан кейін құтты болсын сіздерге. Астана қаласы мен Жітіқара қаласының ортасында студенттер бар, үлкен кісілер бар, әрі-бері жүре берсін.

104 орындық Жітіқара-Астана бағытындағы жолаушылар пойызы күнара қатынайды. Жұп күндері сағат 18:14-те Жітіқарадан шықса, тақ күндері сағат 19:40-та «Нұрлы жол» вокзалынан кері қайтады және ол Көкшетау, Қостанай қалалары арқылы өтеді. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.