«Қазақстан халқына» қорының Абай облысына қолдауы көп

«Қазақстан халқына» қоры Абай облысының шалғай ауылдарындағы 20-ға жуық мектептің спорт залын жаңғыртуға көмектеседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қор бұған дейін өңірге 100 миллион теңге көлемінде жәрдем көрсетті. Бұл қаражатқа медициналық жабдықтар алынып, мектептердің материалдық техникалық базасы жаңартылды.

Бүгін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев «Қазақстан халқына» қорының өкілдерімен кездесті. Жиында денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы маңызды жобалар ұйым мүшелерінің назарына ұсынылды.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Олардың әрқайсысы қоғам сұранысына ие, ішінде уақыт күттірмейтін, жедел шешілуі тиіс мәселелер де бар. Қор мамандары өз тарапынан барлық жобаларды мұқият зерделеп, Абай облысы үшін лайықты шешімдер қабылдайды деп сенеміз.

Қоғамдық қор құрылған 1,5 жыл ішінде ірі компаниялар мен жеке қайырымдылық қорларынан 157 миллиард теңге түскен. Қаржының басым бөлігі науқас балаларды емдеуге жұмсалған.

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары:

- ZOOM арқылы Қазақстан бойынша 1 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар қосылып жатыр. Өңір-өңірден және де біздің анкеталарымыз бар. Ол жерде де жазбаша түрде жинап жатырмыз. Ұсыныстар, қандай проблемалар бар өңірлерде.

Қордың көмегімен Абай облысындағы бірқатар білім ордасы жаңа кейіпке енді. Аягөз қаласындағы көпсалалы гимназияға 250 миллион теңге бөлініп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Нұржан Ахметқалиев, Абай облыстық білім басқармасының басшысы:

- Биыл 2023 жылы Жарма ауданында Маяковский орта мектебі және Ақсуат ауданындағы мектеп 500 миллион теңгеге материалдық техникалық жағынан толық қамтамасыз етіледі.

Қор алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысын жалғастыра бермек.

Айта кетейік, қоғамдық мекеме Бородулиха ауданындағы өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың отбасына 127 миллион теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсеткен болатын.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.