«Шахмат керуені» жолға шығады

Қазақстан шахмат федерациясы ауқымды ребрендинг жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Федерация өкілдері: Бұл ұйым тарихындағы жаңа бетбұрыс кезеңнін басталғанын білдіреді, -дейді. Бүгін журналистермен өткен баспасөз мәслихатында федерацияның жаңа логотипі таныстырылды. Сондай-ақ ертеңнен бастап республикалық «Шахмат керуені» жобасы басталады.

Жаңа логотипте шахматтағы ерекше фигура – аттың бейнесімен, ежелгі «Мүйіз» оюы үйлесім тапқан. «Бұл – біздің құндылықтарымыздың, эволюциямыздың және кемелдікке деген ұмтылысымыздың көрінісі», - дейді федерация президенті Тимур Турлов. Өткен маусымда Қазақстанда бірқатар маңызды шахмат турнирлері өтті. Алдағы жоспар да ауқымды. Мысалы, федерация «Мектептегі шахмат» жобасы аясында 5 жыл ішінде бастауыш сынып балаларының 20%-ін қамтуды жоспарлап отыр.

Дәрмен Сәдуақасов, Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті:

- Қазақстанның барлық облысында федерацияның филиалдарын ашамыз. Олардың өздерінің жұмыс жоспары болады. «Мектептегі шахмат» жобасы 7 өңірде, 42 білім ошағын қамтып отыр. Егер осы оқу жылының соңында оны табысты аяқтасақ, болашақта бұдан әрі кеңейте береміз.

Стратегиялық ойынды ел арасында насихаттаудың тағы бір жолы – «Шахмат керуені» жобасы. Керуен Қазақстанның 20 қаласын қамитыды. Блиц бойынша ашық шағын турнирлер өтеді. Алғашқы ойын ертең Көкшетауда басталады. «Шахмат керуенінің» бас демеушісі – Freedom Broker компаниясы.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

- Іріктеуден өткен ойыншыларды жинақтап Түркістан қаласында 10 қарашада гранд-финал өткіземіз. Ең үздік ойыншы, бірінші орын алған 5 миллион теңгеге ие болады. Басты мақсаты – шахматты Қазақстанның түкпір-түпкіріне дейін жеткізу.

Қазақстан Шахматтан әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында тұңғыш рет финалға шықты. Бүгін Бибісара Асаубаева бастаған қыздар грузин спортшыларымен алтынға таласады. Бұл да – федерация жұмысының бір нәтижесі. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон.