Теміртауда таза ауызсу шығаратын цех іске қосылды
Теміртау қаласында ауызсуды сүзгіден өткізіп, құтыға құятын жаңа цех ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өндіріс орны «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қолдауымен іске қосылды. Жоба бизнестің әлеуметтік әріптестік бағыты бағдарламасы аясында жүзеге асты.
Өндіріс орны жаңа стандартты жүйемен жұмыс істейді. Озық үлгідегі құрылғылар суды бірнеше рет сүзгіден өткізіп, жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Тіршілік нәрі жарты литрлік құтыдан бастап, 5 литрлік ыдыстарға дейін құйылады.
Валерий Миллер, «Ақ Бұлақ БОВ» ЖШС технологы:
- Адами факторды болдырмау үшін электронды басқару блогы орнатылған. Құрылғы күндіз де, түнде де автоматты режимде іске қосылады. Яғни, судың сапасы толық бақылауда болады.
Жаңадан ашылған кәсіпорынға «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы өз ғимаратын ұсынып отыр. Сонымен қатар инфроқұрылымдық желілерді де тартып берген. Кен өндірушілердің көмегімен іске асқан инновациялық жоба кәсіпкерлікті дамытып, аймақ экологиясын жақсаруға ықпал етеді, - дейді компания өкілдері.
Інжу Күзеубаев, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бөлім басшысы:
- Жұмыс тобы тағы бірнеше жобаны талқылап жатыр. Олар жүзеге асқанда компанияның сатып алатын қазақстандық тауарлар саны артатын болады. Оның ішінде Қарағанды облысында өндірілген заттардың үлесі көбейеді. Осылайша, компания тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп жатыр.
Цехтың ашылуымен оншақты адам жұмысқа қабылданды. Олар алғашқы кезеңде айына 200 тонна ауызсу шығарады. Келешекте кәсіпорынның өндірістік қуатын арттырып, тұрғындарды да таза сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Айгүл Ғазизулина.