«Ұлы дала жорығы» бәйгесінің 5-ші күні аяқталды
450 шақырым жолды артқа тастаған шабандоздар Ұлытау жеріндегі Жошы хан кешеніне аялдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көш басында – Ақтөбе облысының жүйріктері. Бағы мен бабы келіспеген кей командалар біртіндеп жарыс жолынан шығып қалып жатыр.
Былтырғы маусымда алдына қара салмаған Маңғыстау командасы әзірге алғашқы үштіктің қатарында. Осы кезеңде де мәреге екінші болып жетті. Адай жылқысын тақымдаған шабандоздар: «Қиын кезеңдер алда, сондықтан шешім шығаруға әлі ерте», - дейді.
Исенбай Қалдаманов, «Көкмойнақ» командасының капитаны:
- Сәуегейлік айтуға ерте. Қорытындысын алдағы уақытта көретін боламыз. Қазіргі уақытта осы көшбасшы болып келе жатырмыз. Оның өзі бізді қуантады. Жігіттердің еңбегі, осыны ұйымдастырып, біздің шабандоздарымыз бен бапкерлеріміздің мықтылығы.
Халықаралық сарапшылар марафонға жоғары баға беріп отыр. «Былтырға қарағанда шабандоздардың да тәжірибелері толысқан», дейді. Дегенмен ұзақ қашықтық аттарға оңай соқпай тұр. Бесінші кезеңде Астанадан шыққан 20 командадан 14-і ғана жетті. Кезең сайын бір команда жарыс жолынан шығып қалып жатыр. Әзірге Ақтөбе, Маңғыстау, Жетісу облыстары мен Алматы, Астана қалаларының командалары толық құрамда.
Ольга Гробер, Бас ветеринар:
- Командалардың басым бөлігі аламанға тыңғылықты әзірленген. Былтырғы кемшіліктерді жойған. Шабандоздардың аттарына деген мейірімі ерекше. Былтырғыдай тек жеңіс керек деп, жарысқа жарамай тұрса да, шаба бермейді.
Ақмола атынан сынға түсіп жатқан қыздар командасы мен ұлытаулық шабандоздар әзірге бәйгенің соңында келеді. Екеуінде небәрі үш-ақ аттан қалған. Командалар бүгін Қорғанбай ауылы арқылы Талап елді мекеніне дейін 100 шақырым жүріп өтеді. Сонда ат ауыстырып, бетпақдаламен Түркістанды бетке алады.
Авторлары: Елдос Какенов, Гүлшаһира Серекбаева.