Қарағанды өңірінде сарапшылар діни сауатты жетілдіретін дәріс оқыды
Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Қарағанды өңіріне барып, жастармен, еңбек ұжымдарымен және түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандармен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Теолог, психолог мамандар діни сауатты жетілдіретін дәріс оқып, пайдалы ақпарат берді.
Қазір әлемде діни ахуалдың ушығып тұрғаны жасырын емес. Өкінішке қарай, түрлі жат ағымдар буыны қатпаған жастарды адастырып, қатарына қосып жатыр. Оған тосқауыл қоюдың тиімді жолы – діни сауатты арттыру, - дейді республикалық-ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері.
Марат Тұрапбай, теолог:
- Бірінші себеп – ол діни білімсіздік. Екіншіден, еліктеу. Үшіншіден, адамдар көбінесе моральдық жағынан кішкене қиналған кезде экстремистер сондай бір психологиялық көмек ретінде көмектескендей болады, сондай сипатта болып, өздеріне тартады. Одан құтылудың ең бірінші жолы – білімді болу. Осындай семинарларды көбейту. Жастарымызды біліммен сусындандыру. Кімнің экстремист, кімнің дұрыс бағыт екенін аражігін ажыратып беру.
Бұл күні теолог және психолог мамандар Қарағанды техникалық университетінің 1 курс суденттерімен кездесіп, дәріс оқыды. Ауылдан арман қуып келген аңғал жастарға жат ағымдар мен дәстүрлі діннің аражігін ажырата білу керектігін түсіндірді. Әсіресе әлеуметтік желіде мұқият болуға шақырды.
Нұржігіт Мақсатұлы, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті:
- Болып жатқан сабақтардың пайдасы өте көп. Өйткені қазір Instagram, TikTok желілерінде айқара ашық жариялап жатыр да және көп жастар оған сенеді. Сол желілердегі жаңағы әркімнің айтқанына сене беретін болса, олар өздері білмей қалады да қалай түсіп кеткенін террористік жолға. Сондықтан біздерге беріп жатқан мағлұматтар өте пайдалы деп ойлаймын.
Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы алдағы күндері облыстың бірнеше аудан-қаласына барып, кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Студенттерден бөлек, әскери қызметкерлерге, дәрігерлерге, мәдениет саласының өкілдеріне және түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға дәріс оқиды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.