Семейде шаһар мерекесі 3 күн тойланады
Семейде қала күні 3 күн тойланады. Шаһар тұрғындарының назарына 20-ға тарта бағдарлама ұсынылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы мерекелік шаралардың форматы да, мән-мазмұны да жылдағыдан өзгеше болады.
Шаһардағы мерекелік шаралар көпбалалы отбасыларға пәтер кілтін тапсырудан басталды. 20 жанұя жалдамалы үйге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады.
Еңлік Рахимова, қала тұрғыны:
- Бүгін, міне, Алланың қалауымен үйдің кілтін алып тұрмыз. Оған дейін ата-енемізбен бірге тұрдық. 5 баламызбен, ата-енеміз бар. Үй кішкентай болды. Үйдің ішін көрдік. Өте кең екен. Бөлмелері жарық екен. Балаларымның жеке-жеке бөлмелері болады. Балаларыма да ұнап жатыр, өзіме де ұнады қатты.
Қала әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін 200-ге жуық отбасы баспаналы болады. Қазір Қарағайлы ықшам ауданында 20 көп қабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Шаһарда 70 аула мен 40 көшенің жолы жөнделіп, 45 шақырымдық жылу желісі жаңғыртылып жатыр.
Нұрбол Нұрсағатов, қала әкімі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен ең бірінші жаңадан бас жоспар әзірленіп жатыр. Бас жоспар бойынша қаланың бүкіл аумағын қамтитын боламыз. Бізде аула кеңістіктері дейді. Сол бойынша жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Қыркүйек айының аяғына дейін Жамақаев көшесінде үлкен аулалық кеңістік жасалып жатыр. Восточкада жасалып жатыр және де бүкіл шеткі аймақтарды алып жатырмыз және де қазіргі кезде арбаттың құрылысы жүріп жатыр.
Қала күні қарсаңында 7 адамға «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың қатарында ғалым, кәсіпкер, журналист, спортшы бар.
Самат Смақов, «Елімай» ФК бапкері:
- Шынымды айтсам, мұндай марапат аламын деп ойлаған жоқпын. Бұл – менің ғана емес, «Елімай» футбол клубының жанкүйерлерінің де еңбегі. Абай облысымен бірге жаңғырған командамыздың қазіргі қарқыны қуантады. Бағындырар белестері әлі алда деп ойлаймын.
Риза Молдашева, «Семей таңы» газетінің бас директоры:
- Атақ-дәрежеден, марапаттан кенже адам емеспін. Осы уақытқа дейін марапаттардың әртүрлісін алып келе жатырмыз. Бірақ бүгінгі туған қалам Семейімнің құрметті азаматы болудың орны ерекше. Туған қаламыздың құрметті азаматы болу – мен үшін үлкен мәртебе.
Салтанатты шара «Туған қалам – Семейім» авторлық әндер фестивалімен жалғасты. Өнер кешінде Семейге арналған бірнеше жаңа әннің тұсауы кесілді. Жүлделі орынға ие болған әнге ұйымдастырушылар тарапынан бейнебаян түсіріледі.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.