Қарағандылық кенші өмірінің 40 жылын тау-кен саласына арнады

Саналы ғұмырының 40 жылға жуық уақытын көмір қазуға арнаған кеншілер елімізде аз емес.

Солардың бірі – қарағандылық Тұяқ Кукумбаев. Еңбек адамы жүрек қалауымен таңдаған мамандығына адал. Әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетіп, тыңбай еңбек етуде.

Бұл – шахташы Тұяқ Кукумбаев. Өмірінің 38 жылын тау-кен саласына арнады. Қазір «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Көмір департаментіне қарасты «Саранская» шахтасының жерасты үңгушісі болып жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қарағанды» шахтасында кенші қызметінен бастаған. Бастапқыда жүктемеге шыдау оңай болмайтын, бірақ білікті басшылық пен пейілі кең әріптестердің қолдауы арқасында барлық қиыншылықты жеңе білдім, - дейді кейіпкеріміз.

Тұяқ Кукумбаев, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Саранская» шахтасының жерасты үңгушісі:

- Ең бастысы – қауіпсіздік. Әр қызметкерді үйінде жанұясы күтіп отыр. Өзіңді жақсы жағынан көрсетемін деп өмірің мен денсаулығыңды қатерге тігетін уақыт емес қазір. Бәрін қауіпсіздік ережесіне сай, білікті мамандардың нұсқауымен істеу керек.

Алпысты алқымдаған маманның бригадасында өзімен бірге 38 қызметкер еңбек етеді. Көбі – жастар. Оларға жол сілтеп, бар білгенін үйретуден жалықпайды. Шахтада үнемі қауіпсіздік ережелерін сақтап отыру керек. Осыны білген үйдегі жан жарым әр ауысымнан кейін мені күтіп, жайлы жағдай жасайды, - дейді Тұяқ Кукумбаев.

Тұяқ Кукумбаев, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Саранская» шахтасының жерасты үңгушісі:

- Әрине, жанұям мен үшін уайымдайды. Жұмыс күнімнің сәтті өткенін қалайды. Шаршап келген соң үй шаруасына араласа алмай қалатындай жағдайлар болады. Өйткені көп уақыт тынығуға кетеді. Үңгуші – үнемі алдыңғы шепте жүретін мамандықтың бір түрі. Жерасты газының алғашқы толқынына улану қаупі жоғары. Кеншілер тек біз қазып берген шахта жолымен жүреді.

Тұяқ Кукумбаев – ұрпақтар сабақтастығын үзбеген жан. Өйткені әкесі мен ағалары да шахташы болған. Қазір жігіт ағасы 4 баласынан тараған 9 немересінің қызығына бөленіп отыр. «Уақытты кері қайтарса да, осы саланы таңдар едім», - дейді еңбек адамы. «Шахтер даңқы» орденінің иегері таяуда «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін де тақты.

Авторы: Мирлан Алтынбек.