Атырауда жол саласындағы жетекші кәсіпорында мыңға жуық адам жұмыс істейді
Құрылғанына 24 жыл толған «Атырауинжстрой» мекемесі бүгінге дейін 3 мың шақырымнан аса жол салған.
Жол саласындағы жетекші кәсіпорында мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар облыс жолдарының сапасын арттыру үшін күндіз-түні тынбай еңбек етіп жүр.
Қайрат Жақыпов мекеме құрылғаннан бері осы салада қызмет етеді. Алғаш қатардағы жұмысшыдан бастаған ол кейін механик болып жалғастырған. Бүгінде асфальт төсейтін арнайы техниканың жүргізушісі. Таңмен таласа жұмысқа кірісіп, кеш қарайғанша еңбек етеді. Жылдар бойы жинаған тәжірбиесін жастарға үйретіп отыр.
Қайрат Жақыпов, "Атырауинжстрой" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері:
- 07:00-де келеміз. 08:00-де бастаймыз. Содан асфальт біткенше жұмыс істейміз. 8 болсын, 9 болсын. Асфальтты тастап кете алмайсың. Бәрін салып бітіру керек. Оны бітірмесең, қалып қойса жасалмайды, қатып қалады. Бір-ақ рет салынатын зат. Мында жұмыс істейтін жігіттердің бәрінің тәжірибесі бар.
Қазір «Атырауинжстрой» мекемесі облыс бойынша 10 жобаны іске асырып жатыр. Жолшылар Индер және Махамбет аудандары мен қала ішіндегі жолдардың құрылысына жұмылдырылған. Мысалы, Сырым Датұлы атындағы көшедегі құрылыс жұмыстарын келер жылдың қазан айына дейін аяқтау жоспарланған. Бұрын ені 8 метр жол енді 14 метрге дейін кеңейтіліп жатыр.
Асылбек Қабдешов, жоба жетекшісі:
- Сырым Датов көшесінің ұзындығы 4 км 700 метр. Жолға керекті материал, арнайы техника жеткілікті. Қазіргі таңда осы Сырым Датов көшесінде 50-ге жақын жұмысшымыз бар, 30-ға жуық арнайы техникамыз бар.
1999 жылы құрылған мекеме бүгінге дейін 1700 жобаны сәтті аяқтаған. Қазір арнайы техника саны 300-ден асады. Осы жылдар ішінде 4 млн тоннадан аса асфальт пайдаланған. Қазір өзінің асфальтбетон өндіретін зауыты жұмыс істеп тұр.
Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов