Медициналық пойыз Ақтөбе облысының елді мекендерін аралап жүр
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақтөбе облысының елді мекендерін аралап жүр.
Бүгін Мәртөк стансасына тоқтап, аудан тұрғындарын қабылдай бастады. 2 күн бойы қызмет ететін жоғары білікті дәрігерлердің көрінуіне кез келген азаматтың мүмкіндігі бар. Ал сәуірде Алматыдан ел аймақтарына аттанған пойыз 50 мыңға жуық адамды қабылдаған.
20-дан астам медицина қызметкері бар топтың келгені мәртөктіктердің назарынан тыс қалмады. Аудан орталығы мен ауылдардан арнайы келген тұрғындар таңнан бері тәжірибелі дәрігерлерге көрінді. Тек түскен дейінгі уақытта ондаған адам қабылдауда болды.
Шара Бекназарова, Мәртөк ауылының тұрғыны:
- Урологқа кіріп шықтым, енді окулистке кірейін деп тұрмын. Кезек көп болғанымен, кәдімгідей сапалы, мысалы, уақытында анализ тапсыру керек пе, анализ тапсыртқызып жатыр. Аз ғана уақытта қамтамасыз етіп жатыр.
Мәртөкке аялдаған «Саламатты Қазақстан» пойызы 2 күн бойы қызмет көрсетеді. Мұнда денсаулықты тексерту үшін барлық мамандар мен қажетті заманауи үлгідегі жабдықтар бар. Келген азамат қан тапсырудан бастап, өзін мазалаған дерт түрлері бойынша ем ала алады.
Айнұр Егінбаева, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері:
- Кез келген азамат біздің пойыздан көмек ала алады медициналық. Сақтандыруы бар-жоғын қарамаймыз, ондай халықтың келген науқастар сол мезетте қортындыларын алып кетеді. Үйге де барамыз, егер де үйде жатқан науқастар болса.
Медициналық пойыз Ақтөбе облысына дейін еліміздің 11 өңірінде болып, 50 мыңға жуық тұрғынды қабылдады. Биыл дәрігерлер тобына ҚР-ның Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері де кіріп, азаматтарға әлеуметтік, заңдық тұрғындағы қызмет көрсетіп жатыр.
Әлия Бұрашева, кәсіби медиатор:
- Көбіне ауылдан келетін халықтардың сұрағы – жер, су мәселесі. Дәрігердің жоқтығы, жұмыссыздық жөніндегі мәселелермен бізге келеді. Әр мәселені жергілікті әкімдермен сол жерде шешімін табуға тырысып көмектесіп жатырмыз.
Елді өңірлерін аралап жүрген Саламатты Қазақстан пойызы әлі 3 облыста аялдайды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.